Қазақстанда ата-аналарды оқыту жүйесін заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Редакциямыздың ресми сауалына берген жауабында Оқу-ағарту министрлігі Қазақстанда ата-аналарға міндетті оқыту курстарын енгізу мәселесі талқыланып жатқанын мәлімдеді.
Оқу-ағарту министрлігі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарға өзгерістер енгізу туралы Үкімет қаулысының жобасын қоғамдық талқылауға шығарған болатын.
Қаулы жобасының 23-2 тармағында ата-аналардың "Ата-ана мектебі" курстарынан міндетті түрде өтуін заңнамалық деңгейде бекіту ұсынысы енгізілді. Бұл талап келесі жағдайларда қарастырылады:
- Некеге тұру.
- Жүктілік және босануға дайындық.
- 3 жасқа дейінгі балаларды бақылау.
- Балаларды балабақшаға немесе мектепке қабылдау.
Оқыту курстары отбасыны қолдау орталықтары, жастар денсаулығы орталықтары және ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарында ұйымдастырылады, - делінген министрліктің ресми жауабында.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта бұл мәселе мүдделі мемлекеттік органдармен талқыланып, егжей-тегжейлі пысықталады.