Жас тоғызқұмалақшылар спартакиадасы басталды

2 Қараша 2021, 22:59
1311
Бөлісу:
Жас тоғызқұмалақшылар спартакиадасы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Назарбаев Зияткерлік мектептерінде тоғызқұмалақтан желілік дәстүрлі спартакиаданың ресми ашылу салтанаты өтті.

Тоғызқұмалақ – әлем мәдениетінің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын зияткерлік (интеллектуалдық) ойын һәм  логикалық ойлау өнері.

Зияткерлік сайыс 2021 жылғы 1-3 қараша аралығында PlayOk платформасында қашықтан өтеді

Жарыстың ашылу салтанатында онлайн оқудағы үздік көмекші RoboНИШ тоғызқұмалақ ойынының тарихы және ережесін түсіндіріп, Зияткерлік мектептер командаларын таныстырды. 

Спартакиадада Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Мақсат Шотаев, Орал қаласындағы спорт мектебінің тоғызқұмалақ бөлімі жаттықтырушысы Бауыржан Шурин, тоғызқұмалақтан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Медет Кусаинов төрешілік етуде.

Осы жылы Нұр-Сұлтан қаласы NIS халықаралық бакалавриат мектебінің намысын 4 оқушы қорғайтын болады. Олар: Арсен Қатбек, Аида Давлетова, Диана Туребекова және Нурхан Толеев.

Тоғызқұмалақ – танымдық, эстетикалық, спорттық, тіпті ғылыми аспектілерге ие. Тоғызқұмалақтың емдік қасиеті де бар, ол жасөспірімдер миын дамытады. Тоғызқұмалақ ойды дамытып қана қоймайды, ол тәртіпке үйретеді. Тоғызқұмалақ ойнайтын бала өскен соң, күнделікті жоспарын оңай құрып, кез-келген жағдайда өзін тұлға ретінде көрсете алады.  Белгілі бір оқиғаға байланысты өзіндік ұстанымы, көзқарасы қалыптасады - дейді NIS халықаралық бакалавриат мектебінің Математика пәні мұғалімі Ақерке Мерзетхан.

Биыл спартакиадаға NIS-тен барлығы 90 оқушы қатысады. Айта кетейік, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ тарапынан бүгіннен бастап ауқымды әрі маңызды жобалар – «Туған елге тағзым» экспедициясы мен NIS ғылыми жобаларының желілік байқауы басталды.

Өзгелердің жаңалығы