Маңғыстау облысы Ақтау қаласының N22 орта мектебі мен мамандандырылған IT-лицейінің 30 оқушысы салтанатты түрде ант беріп, ресми түрде «Жас Сарбаз» қозғалысының қатарына қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Салтанатты рәсім Каспий теңізінің жағалауында өтті. Оған Ақтау гарнизонының әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, қоғам өкілдері қатысты.
Жасөспірім балалар қозғалысының қатарына қосылатындарға арнап әскери-теңіз базасының бастығы 2-дәрежелі капитан Бауыржан Мұратұлы, Қарулы күштердің ардагері Қайрат Төлепбаев және «Жас Сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев сөз сөйледі. Олар жас ұрпаққа ел игілігі жолында адал қызмет етуге тілектестігін білдірді.
Қазір өзімнің жас сарбаз, жас теңізші екенімді мақтан тұтамын. Бәрінен де әскери-теңіз базасына барғанымыз қызықты өтті. Болашақта Отанымды қорғап, әскери қызметші болуды армандаймын, – деп № 22 орта мектептің 9 сынып оқушысы Елдос Сүлеймен.
Іс-шара барысында жас патриоттарға «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кораблін аралатты. Әскери теңізшілер оның құрылысы мен мүмкіндіктері туралы айтып, құрал-жабдықтарын, каюталары мен қару-жарақтарды көрсетті.
Әскери-теңіз күштерінің матростары өздерінің мерзімді қызмет тәжірибесімен бөлісіп, күнделікті жұмыс күндері мен оқу-жауынгерлік қызметі қалай өтіп жатқанын айтты.
Қазіргі уақытта «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігі 7000-нан астам әскери-патриоттық клубтың басын қосты. Олардың 100-ден астамы әскери бөлімдердің жанында орналасқан. Жалпы қамтитын бала саны 2600-ден асады. Бұған 230 000-нан астам тәрбиеленуші баланы қамтитын "Жас сарбаз" сыныптары мен «Smart Sarbaz» үйірмелері де кіреді.