Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Жас сарапшылар клубының өкілдері Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде Қарағанды облысындағы сарапшылар қауымдастығымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенаттың баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл алаң ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен құрылған болатын.
Клуб мүшелері осы алаңның қызметі, сарапшылардың заң жобасын әзірлеуге қатысуы, Парламенттік тыңдаулар, сараптамалық консультациялар, сондай-ақ Талдау мектебінің жобасы туралы кездесуге қатысушыларға айтып берді.
Кездесу барысында мемлекеттік саясатты іске асыруда дәлелді, ғылыми негізделген тәсілді енгізудің маңыздылығы да атап өтілді. Ол үшін барлық деңгейдегі сарапшылар қауымы шешім қабылдау процесіне қатысуы тиіс.
Сарапшылар өңірді дамыту мәселелерін, түрлі маңызды бағыттар бойынша проблемаларды, сондай-ақ Клубпен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктерін де талқылады.
Кездесуге Қарағанды облысындағы ғылым, бизнес және басқа да қызмет салаларынан келген 30-ға жуық сарапшы қатысты.
Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубы 2020 жылдың қазан айынан бастап жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде ел дамуының түрлі мәселелері бойынша Сенат Төрағасы мен салалық министрлердің қатысуымен 12 отырыс өткен болатын.
Сенат қазіргі кезде жергілікті сарапшылар қауымдастығымен бірге өңірлермен өзара іс-қимыл бойынша кешенді жұмыс жүргізіп келеді.