Бурабайда «Жас құтқарушы» сайысының қатысушысы суға батып кетті

21 Шілде 2019, 16:40
2472
Бөлісу:
Бурабайда «Жас құтқарушы» сайысының қатысушысы суға батып кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 17 жастағы спортшы қаза болған қайғылы оқиға Ақмола облысы Бурабай ауданындағы Үлкен Чебачье көлінде болды. Бұл туралы аймақтың Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

«Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Үлкен Чебачье көлінде 17 жастағы Мұхамед Көлігов суға батып кеткендігі туралы хабарлама 19 шілдеде сағат 16:20-да келді. Оның денесі бірден Көкшетаудағы сот-медициналық сараптамасына жіберілді. Сот-медициналық сараптамасы жасалып, құжаттар рәсімделгеннен кейін 20 шілде күні сағат 9:30-да дене әрі қарай Шымкентке ұшақпен тасымалдануы үшін Нұр-Сұлтанға жіберілді. Алайда ұшақ рейсі белгісіз себептермен екі рет кейінге шегерілді. Және бүгін таңертең, 21 шілде күні сағат 10:03-те жасөспірімнің денесі Тараздағы туыстарына жіберілуі үшін Шымкентке жеткізілді», - деп хабарлады Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінде.

Ведомствода атап өткендей, қайғылы оқиға орын алғанға дейін «Жас құтқарушы» сайысы аяқталып болған, қатысушылардың көбі үйлеріне тарқап кеткен, ал «Тараз» командасы сағат 22:30-да пойызбен кетуі керек болған. Жолға шығатын уақыт жеткенше сайыс қатысушылары Бурабайдың курорттық аймағына саяхат жасамақ болған. Жасөспірімдерді бапкер мен команда өкілі алып жүрген.

Айта кетсек, 16 шілдеде Көкшетау қаласының «Тәуелсіздік» алаңында І Халықаралық жас өрт сөндіруші-құтқарушылар слетінің ашылуы өтті. Іс-шараға Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан және Қазақстаннан 200-ге жуық жас құтқарушы қатысты. Аталған халықаралық байқауда Қазақстан құрамасы алтын иеленді.

Өзгелердің жаңалығы