«Жас педагог бас педагог бола алады» – Жанна Бахатай

31 Шілде 2024, 22:55
976
Бөлісу:
«Жас педагог бас педагог бола алады» – Жанна Бахатай
Фото: жеке мұрағатынан

«Мұғалім – мектептің жүрегі», «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деген қанатты сөздер қазақ тарихында мұғалім мәребесінің зор маңызға ие екендігін көрсетеді.

Әлемде ұстаз алдын көрмей, мұғалімнен тәлім алмай кеткен адам жоқ шығар, сірә. Ұстаз – қай жаста да ұстаз. Біз бүгін сонау жер шалғайдағы Түлкібас елді мекенінде бір емес, екі жоғары оқу орнын бітірген жас маман, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің, сонымен қатар ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Жанна Бахатаймен сұхбат өргіздік.

Жас ұстаздың өзіндік талап-талғамы бар, ұжымдағы сыйлы, жаңашыл, бастамашыл, көпшіл мінезі, албырт та аңғал болмысы, не нәрсеге болсын жанып тұратын жүрегі қызықтырды бізді. Сонымен, әңгімемізді танысудан бастайық.

– Қарапайым ауылда мектеп бітіріп, қайта ауылға барып мұғалім боп жүрсіз?

– Иә, оның несі таңсық дүние. Ауыл – бүт қазақтың қара шаңырағы ғой. Ауылдағы мұғалім қала мұғалімінен кем емес, қай тұрғыдан болсын. Тәлім алушы шәкірт те барлық жақта бірдей, тек жеткізуші, тәлімгер дұрыс тәсіл таба алса болды. Яғни, жүрегіне жол сала алса, жарқырамайтын жан жоқ... Меніңше, мұғалім деген кішігірім бейбіт «майданда» жүрген жауынгер сияқты. Әсіреес мен сияқты жастар. Қайда от – түссек жанбаймыз, қайда су – кешсек батпаймыз. Меніңше, бұл этап жас маманды шыңдайтын шынайы өмір баспалдағы. Бұл ауыл мектептерінде ғана емес, әлемнің барық түкпірінде болатын қалыпты құбылыс. Бір жағынан, біздің – мұғалімнің басты миссиясының бірі – ағартушылық, демократтық бағыт қой. Бұл тұрғыдан жас маманның жанкешті еңбегі мен мұқалмас төзімін пайдалану қате емес,

– Сіз жас мұғалімсіз. Негізгі мамандығыңыз қазақ тілі мен әдебиеті, қателеспесем. Бірақ ағылшын тілінен сабақ бересіз?..

– Иә, мен ағылшын тілінде мектепке жұмысқа тұрғанда жеткілікті білмейтін едім. Бірақ, кейін меңгердім. Мен негізі жұмысқа тұрмастан бұрын да ағылшын тілін меңгеруді армандайтынмын. Сондықтан бұл маған аса бір қиындық тудырмады. Алдымен тілге деген қызығушылық болу керек. Кез келген адамның қолынан келеді. Бірақ үздіксіз ізденіс, оқу, практика керек. Біздің айдаладағы – шалғайдағы ауылда кіммен ағылшынша сөйлесесің, амал жоқ, әліппеден бастап үйретіп келе жатқан оқушыңмен коммуникация құру керек. Осылай болған тиімді әрі жас ұстазға да, оқушыға да пайдалысы осы.

– Кейіннен ағылшын тілін меңгердіңіз? Сіздіңше осы екі тілден сабақ беру арқылы қандай да бір тілге деген қызығушылық, тіл үйренуге деген талпыныс туындайтын сияқты ма, қалай?

– Негізі, бәрі керісінше. Біріншіден, мен қазақ тілі маманымын, яғни тілдік түрлі фокустардан хабарым бар. Ал бұл – өз кезегінде ағылшын тілін меңгеруге өте жақсы көмек. Мысалы, сөйлем құрылысы, сөйлем мүшелері, жұрнақ-жалғау, тағысын-тағы дегендей, тілдік мүшелердің бәрі кез келген тілде бар. Оны маған қайта меңгерудің қажеті болмады. Ағылшын тілін осы себепті де тез меңгердім деп ойлаймын.

– Қандай санаттағы педагогсіз?

– Менің әзірге мемлекет белгілеген санатым жоқ. Мен жас маманмын. Бірақ тіл маманы ретінде өзімді толыққанды өз ісімнің шеберімін деп айта аламын. Негізі, білім беру, өзгеге бір нәрсе үйрете алу қабілеті о бастан адамға біткен бір қасиет болуы керек. Өзімнен сол қасиетті байқаймын. Алдағы уақытта барлық ерік-жігерімді

– Алда жаңа оқу жылы. Қандай жаңашылдықпен барғалы отырсыз?

– Иә, әр жаңа оқу жылына әрбір ұстаз ізденіспен барады. Қазіргі тілмен айтқанда, әркімнің өз фишкасы болу керек. Заман талабына сай, оқушы өресіне сай жаңашылдығың, өзгешелігің мен стилің болмаса, ұстаз болу оңай емес.

Талапқа сай құжат толтыра білу мен стандарттық білімді білу және үйрете алу бастысы емес. Қазір оқушы қызығушылығы басты орында. Интернет желісінде білім тұрмақ атыңды ұмыттыратын түрлі ойын-сауық беттері сайрап жатқанда, оқушының білімге деген құштарлығын ояту да оңай іс емес. Осы тұрғыдан әр ұстаз жаңашылдықпен баруға тырысады. Оны басшылық та талап етеді. Менің де өз бастамаларым бар. Қазір бұрынғыдай ағылшын тілін грамматиканы жаттатқызу арқылы үйрете алмаймыз, әрі ол тиімсіз және өте ұзақ. Бұны өткен тәжірибелерден көріп отырмыз. Сондықтан мен осы жолы шет тілінде тез сөйлеп үйренуге арналған методика ұсынбақшымын.

– Жалпы ұстаздық жолда нені басшылыққа аласыз?

– Жалпы, «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» дейді. Мен ұстаздық жолда арлы да абыройлы болуды басшылыққа аламын. Менің ойымша, әр балаға махаббатпен қарай білу, жаңашылдықпен өз пәніңді үйрету, шынайы білім беру, өз білгеніңді аямау, тіпті білмегеніңді де үйрете отырып үйрену – нағыз ардың ісі. Сонша ата-ана ұрпағым деп алдыңызға сеніп алып келді және мемлекет те жас ұрпақтың санасын қолыңызға тапсырды деген сөз ұстаздық деген. Түсінгенге бұл – үлкен міндет.

– Жас ұстаз ретінде белгілі бір ұсынатын, үлгі қылатын кеңес, ақпаратыңыз бар ма?

– Әрине, бар! Жасыратыны жоқ, ауылдық аймақтарда ағылшын тілі өте төмен деңгейде. Ағылшын дегеніміз әлемдік тіл. Оны білу, еркін меңгеру - үлкен стимул. Мен өзім ауылда туып-өскен адаммын. Маған университет қабырғасындағы ағылшын тілі сабақтарында отыру өте ауырға соқты. Тіпті қатысқым келмейтін. Себебі, менің ауылдық ағылшыным амандасудан ары аспайтын еді. Қазір де ауылдарда жағдай өзгергені шамалы. Бұл тұста жалғыз ұстаздарды кінәлайтындар жетерлік. Бірақ, ауылға жаңашылдықтың жетпей жатқанына ұстаз ғана кінәлі бола алмайды. Ауылдарда тілге деген қажеттілікті туындату керек деп есептеймін. Жас ұстаз әрі осы уақытқа дейінгі білім беру процесінің нағыз түлегі ретінде айтар уәжім десем бе, әлде ұсыныс дейін бе... Қазіргі мектептерге арналған тілдік нормативтерді өзгертіп, жалпы тілді оқыту методикасын жаңалау керек.

– Замандастарыңызға қандай кеңес ұсынар едіңіз?

– Замандастарыма айтарым көп. Біріншіден, өзіңіздің мамандығыңызды университет қабырғасында меңгеріңіз. Ал жұмысқа орналасқанда ол мекемеге толыққанды маман қажет болады, тәжірибесіз жұмысшы емес. Сондықтан оқу барысында негізгі практикадан тыс жеке тәжірибеден өтіп, дайын маман болып барыңыз. Оқып, жаттап алған білім мен практикада жасап көрген істің айырмасы жер мен көктей. Екіншіден, заманға сай бағыттағы қосымша мамандықтарды меңгеруге тырысыңыз. Мысалы, жаңа технологияларды меңгеру курстары, СММ, жеке имидж, функционалдық сауаттылық сынды. Ұстаз үшін бәрі керек. Жоғарыда айтқанымдай, жаңашылдығың, өзіндік ерекшелік пен өзгелерден бір қадам алда көрсететін фишкаң болмаса, тыңдаушың да, яғни сенің аузыңа қара отырған оқушы да жалығады.

– Бүгінгі кәсіби педагогке қойылатын басты талаптар қандай болуы керек?

– Бәрімізге белгілі, заманымыз минут санап дамып келеді. Әлем секундтық жылдамдықпен өзгеруде. Тиісінше, адамның көзқарасы да өзгеруде, бір нәрсені мейлінше меңгеріп, өз кәдесіне жаратып алуға деген құлшынысы да артуда. Бұл жерде жас баланың білсем, көрсем деген талпынысының меселін қайтару қылмыс. Сондықтан педагог заман ағымына ілесіп, қалмай отырғаны дұрыс. Бұл тұста ұстаздың қызметінің алар орны орасан. Оларға қойылар талаптардың да шегі көрінбейді.

Десек те басты талаптар бар:

Өз пәнінің қыр-сырын жетік білу, оған жапсарлас, салалас, туыс пәндерді де меңгеру;

Жаңашыл болу, тосыннан, тіпті жылдар бойы жинап болсын тың дүние жасау;

Бастамашыл болу; иек пәнді жетілдіруге емес, мектепте, қоғамда болып жатқан, болатын түрлі жағдаяттарға бастамашы, негіз болу;

Компьютер мен технологияларды тиімді қолдана алу, техниканың адамның игілігіне иілдірте білу;

Өз методикасын қалыптастыру; бұл енді жалпақ тілмен айтқанда, шемішкеше шағу ғой өз пәніңді;

Пән бағдарламасын меңгертудің тиімді жолдарын табу: бұл жерде жас ұстазға ізденісаз олады, түрлі тәжірибе алаңдарына қорықпай бақ сынап көру керек;

Үнемі ізденісте болу және жаңа бастамаларды ұсына алу.

– Жалпы ұстаздық жолда нені басшылыққа аласыз?

– Жалпы ұстаздық жолда басшылыққа алатын ұстанымым: ол – ең алдымен, маман емес, адам тәрбиелеу! Жақсы маман – жарты бақыт, ал жақсы адам – жақсы өмір деген сөз!

«Жаңа заман мұғалімі, жас мұғалім қандай болуы керек?» деген сауалға аздап анықтама беріп кетейінші.

Біріншіден, жас маман-мұғалім дүниедегі барлық болып жатқан жаңалықтардан хабардар болуы шарт. Бұл ғасыр, бұл заман – техника дамыған, сан қалтарысты ілім де, ғылым да қарыштап дамып бара жатқан заман. Сондықтан жас педагог батыл болуы керек. Оның болмайды дегенді болдыртатын, тәуекел етіп, тас шайнай алатын жанып тұрған жүрегі болуы керек. Педагог жүрегі әрдайым патриот, әрдайым мейірімді, әрдайым қатал болуы шарт. Таудан биік талап, теңізден терең сұңғыла білім керек. Ал ол үшін әсіресе педагог үнемі ізденіс жолында жүруі тиіс.

Мәселен, мен ағылшын тілінен сабақ беремін. Бірақ, бұл бір ғана пән мұғаімі болу бүгінгі таңда жалаңаяқ жүргенмен бірдей нәрсе. Ойлап қараңызшы алдыңдағы шәкірт әлем тілін меңгерген, заманауи жан-жақты бала. Ал ұстаз ол деңгейден әлдеқайда жоғары тұрмаса, оның несі ұстаз?!

Екіншіден, барлық педагог атаулының әуел бастан мойнына алар міндеті – жай педагог емес, психолог-педагог болуы керек. Бала не ойда отыр, ол неге төмен оқып жүр, оның нендей қызығушылығы бар, өмірдің қандай саласына бейімі бар – психолог-педагогтың көз жанарынан қарап-ақ айқындайтын жұмысы. Бұл жұмыста коммуникация, топтық жұмыс, жеке тапсырма, шәкіртті жетелеу сынды бірнеше көзге көрінбейтін шаруалар бар.

Үшіншіден, ұстаз, әсіресе, жаңа жұмыс көшін бастаған мұғалім – интеллигент, яғни өз бойын, ойын таза ұстайтын, іші де, сырты да мұнтаздай таза жан болуы керек. Осы нәрсеге жас педагог өзін тәрбиелей отырып, шәкіртін де аулу керек. Жас ұстаз – оқушы үшін айна кәдімгі. Тәлім берушіден не көреді, жас бала соны қайталайды. Сондықтан жан айнасы әрдайым жарырып тұрғаны жақсы.

Төртіншіден, қағаз, қалам, кітаптың дәуірі өтіп барады. Заманның ішкі, сыртқы қалтарыс-бұлтарысын түгел көрсететін заманауи технологияны меңгеру керек бізге. Онсыз білімнің биігіне шыға алмаймыз. Бұл дәуір – технократтық дәуір. Сондықтан үнемі қасаң методикадан бөлек, соны оңай игеру жолын үйрететін техниканы меңгерген абзал.

Осылардың бәрін біліп, меңгеріп қана қоймай, жас мұғалім көшбасшы болуы керек. Көшбасшылық оның жүзінен шашылып тұруы тиіс. Алдыңда тәжірибелі маман бар, жасы үлкен педагог бар деп, ұшқыр ойды, өтімді ұсыныс-идеяны кейінге, келесі жолы ұсынам деуге қалдырып қоюға болмайды жаңа заман мұғаліміне. Уақытында, дер кезінде атқарылған жұмыс та жемісті болары анық. Сондықтан жас мұғалім жанып тұру керек. Алдымдағы шәкірт маған қарап менен асып түсетіндей «жұлдыз» болуы керек деген көшбасшылық ұстаным болуы керек.

Бүгінгі заман, қоғам бізден – әрбір педагогтан өте жоғары жауапкершілік талап етіп отыр. Рас, ауыл-аймақтарда, алыс аудандарда диплом бойынша ғана жұмыс істеп жүргендер жетерлік. Көпке топырақ шашпаймын, бірақ менің көріп жүрген әріптес-педагогтарымның өжеттігін, жоқтан бар жасап, айналасын гүлге орап жіберетін жасампаздығын көргенде қол қусырып қарап отыра алмайды екенмін.

– Рахмет, жұмысыңыз жемісті бола берсін.

Өзгелердің жаңалығы