Жас мамандарды мектептерден іздеуіміз керек – кәсіби жолшы

13 Сәуір 2022, 19:41
1898
Бөлісу:
Жас мамандарды мектептерден іздеуіміз керек – кәсіби жолшы
Фото: автордан

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда автомобиль жолдарының сапасын бақылайтын мемлекеттік мекеме бар екенін екінің бірі біле бермейді. Уәкілетті орган түрлі маңыздағы трассаларда бақылау рейдтерін өткізіп, жай-күйін саралайды. 

Осы ретте тоғыз жолдың торабында орналасқан Маңғыстау облысы бойынша Ұлттық жол сапа активтері мекемесінің филиал директоры Елтай Таялиевпен танымдық сұхбат жүргізілді.

- Елтай Құспанұлы, жолдардың сапасын бақылаушылардың кеңседе отырмайтынын түсініп отырмын. Өйткені, үнемі далада жүреді екенсіздер. Жауапты қызмет арасында уақыт тапқаныңызға рахмет. Жолдардың сапасына келетін болсақ, 30 жыл уақыт өзектілігілігін жоймай келе жатқан тақырып. Айтыңызшы, біздің елімізде неліктен жолдар мерзімінен бұрын бүлініп жатады?

- Сұрағыңыз орынды. Бұл жерде жол-құрылыс материалдары тиісті мөлшерде, қалыпты температурада төселмеген жағдайда, былай айтсақ қиыршық тасын, битум тағы басқа материалдарды дұрыс қолдана білмеудің соңы трассаның дұрыс салынбауына әкеліп соғады. Әдетте қала, аудан не ауыл әкімдігі белгілі бір көше не дала жолына жөндеу немесе қайта төсеу бойынша бюджет бекітеді. Жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптамаға жібереді. Сосын тендер ойнатып, ұтып алған мердігер мекеме жұмысқа кіріседі. Ал асфальттың қаншалықты сапалы төселіп жатқандығын тексеруге ия әкімдіктегі тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегі мамандардың кәсіби біліктілігі, ия мердігер кәсіпорын жұмысшыларының тәжірибесі әрдайым жеткілікті болады деп айтуға әлі ерте. Өйткені, басым көпшілігі мүлдем басқа сала бойынша арнаулы орта немесе жоғары оқу орнын бітірген адамдар. Яғни, жол салушы мекеме қызметін пайдаланып отырған билік органы тиісінше талабын қоя алмаса, арғы жағын өзіңіз бағамдай беріңіз...

Жас мамандарды мектептерден іздеуіміз керек – кәсіби жолшы

- Түсінікті, яғни бұл бағытта маман тапшы деп отырсыз. Ал енді мәселені тез арада түзету үшін қайтпек керек?

- Ол үшін мектептерге баруымыз керек. Ұлттық жол сапа орталығы 2019 жылдың мамыр айында құрылды. Бір жылдан соң бас директор З.Сағыновтың бастамасымен «1000 мектеп» акциясы еліміздің барлық облысында бастау алды. Мұндағы мақсат - ауыл, қала мектебі болсын жоғары сынып оқушыларымен танымдық кездесулерді өткізу. Кәсіби бағдар беріп, 18 түрлі жол мамандықтарын таңдауға үгіттеу. Колледж-университтерге осы сала бойынша түсуге шақыру қолға алынды. Содан бері бұл жұмыстар күні бүгінде жалғасып келеді. 

Жас мамандарды мектептерден іздеуіміз керек – кәсіби жолшы

- Сонда былтыр және биылғы жылы сіздер қанша мектепке бардыңыздар?

- Әлемдік пандемия басталуымен бұл жұмыстардың кейбірі ғаламтор арқылы, мекеменің әлеуметтік желідегі парақшасында тікелей эфирлер өткізу арқылы жасалды. Десек те, санитарлық талаптарты сақтай отыра көптеген білім ұяларына арнайы бардық. Ақтау мен Жаңаөзен қалаларынан бөлек Мұнайлы, Қарақия, Маңғыстау, Түпқараған және Бейнеу аудандарына мамандар арнайы іссапармен барып келді. Жалпы Маңғыстау облысында 150-ге жуық мектеп бар. 2020 жылы 50, 2021 жылы 100 мектепті қамтыдық. Мыңдаған оқушылардың алдында мекеменің қызметі жайлы бейнероликтерді көрсетіп, оларды қызықтырған сауалдарға жауап берілді. Ал биыл жыл басынан бері 50 мектепті аралап келдік. 

Жас мамандарды мектептерден іздеуіміз керек – кәсіби жолшы

- Оқушыларға тек ақпарат беріледі ме әлде жолшы мамандығын таңдап оқуға түсуіне ұлттық орталық тарапынан қандай да бір қолдау жасалады ма?

- Орынды сауал. Жолдардың сапасын бақылайтын ұлттық орталық еліміздегі көптеген колледж-университтермен әріптестік байланыс орнатқан. Бұл тізімде Yessenov University мен Халел Өзбекқалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжі де бар. Яғни, маңғыстаулық оқушылар басқа аймақ не шетелге бармай-ақ өз өлкесіндегі оқу орындарын таңдай алады. Бұл ретте білім гранттары да қарастырылған. Сондай-ақ студенттер ұлттық орталықта ақылы тәжірибе сағаттарына қатысады. Мысалы, аталған колледжді үздік бітірген 2 студент былтыр біздің филиалға қызметке орналасты. Кейін бірі өңірдегі ірі мердігер мекемеге қызметін ауыстырды. Бірі біздің ұжымда зертханашы болып жұмыс жасап жүр. Дәстүрлі шара 2022 жылы «2000 мектеп» атауымен Қазақстанда жалғасып жатыр. Яғни, осы шамада мектептерді қамту жоспарда бар. Бұл ретте Маңғыстау облысындағы барлық білім ордасын жылдың соңына дейін аралап, 9-11 сынып оқушыларымен кездесеміз деген нақты жоспарымыз бар. Жылына кемі 1-2 баладан жолшы мамандығын таңдаса, таяу он жылдың жобасында маман тапшылығы мүлдем жойылады деп сенемін.

- Сұхбатыңызға рахмет. 

 

Өзгелердің жаңалығы