Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордалық құтқарушылар кәсіби мерекесін атап өтті.
Елордадағы Құтқарушылар саябағында ант қабылдау рәсімі ұйымдастырылды. Іс-шара барысында 20 жас қызметкер елге адал қызмет етемін деп ант қабылдады.
19 қазан күні Құтқарушылар күніне орай Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті осы жазда ашылған құтқарушылар скверінің аумағында салтанатты іс-шара өткізді.
Гарнизонның жеке құрамын ТЖД бастығы полковник Қуанар Базарбаев салтанатты түрде құттықтап, жас қызметкерлердің антын салтанатты түрде қабылдады.
Құтқарушы мамандығы – жоғары және жауапты мамандық, оның басты міндеті адам өмірін құтқару. Ерлік, батылдық пен абырой - бұл әрбір қазақстандық құтқарушыға тән, күнделікті жұмыста да, ең қиын жағдайларда да көрініс табатын қасиеттер, - деп атап өтті Қуанар Базарбаев.
Салтанатты іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатов пен осы саланың ардагерлері қатысты.
Құтқарушылар қатарына енді қосылған Жәнібек Әлішер қызметке қалай келгені туралы айтып берді.
Құтқарушылар қатарына ант қабылдап, қосылдым. Ант қабылдаған жауынгерлерді, елдегі құтқарушыларды кәсіби мерекемен құттықтаймын. Алдағы уақытта жалынмен, ажалмен бетпе-бет келгенде батылдық танытамыз. Елдегі төтенше жағдайлардың алдын алып, қорықпай, адам өмірін сақтауда ерлік көрсетеміз деп ойлаймын және соған тілектеспін, - деді ол.
Жас құтқарушы бір айлық оқудан, кейін тағы бір ай тәжірибеден өткен.
Қазіргі уақытта Технология, бизнес университетінде құтқарушы мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Оқуымды келесі жылы аяқтаймын. Бұл салаға өз еркіммен келдім, бала күнгі арманым құтқарушы болу еді. Үлкен ағаларым да осы мамандықта оқыған. Кішкентайымнан ағаларымның формаларын, олардың құтқарушы екенін көріп өскендіктен, өзімнің де осы салаға келетінімді білдім. Бұл салаға келетін құтқарушылар алдын ала нақты шешім қабылдап келеді деп ойлаймын. Себебі үйінде күтіп отырған бала-шағасы, отбасы бар. Қазақта «ер ел үшін туады» деген жақсы сөз бар. Бәрі тек отбасын ғана ойлай берсе, елімізді кім ойлайды? – деді Жәнібек Әлішер.