Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың кіші ғылыми қызметкері Анастасия Кухарева мен Аида Қайратқызы Мемлекет басшысының жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жас ғалымдар жолдауда айтылған ғылымды дамыту жайын атап өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын тыңдадым. Өзіме қажетті маңызды шешімдер таптым. Біз ЖОО-да қолданбалы ғылымдармен айналысамыз. Бірнеше жобаны жүргіземіз. Елімізде шешімін таппаған дүниелер мен шаруашылыққа қажетті құралдарды жасап шығарамыз. Қазіргі уақытта ақылды пленка алу жобасымен айналысып жатырмыз. Сол жоба бойынша көкөністер мен жеміс-жидектер үшін пленка жасаймыз, сақталу мерзімін ұзартамыз. Осы жоба бойынша Солтүстік Қазақстанда балғын, жаңа піскен көкеністердің мәселелерін шешеміз. Осылайша, халықтың дұрыс тамақтануын қамтамасыз етеміз, - деді Анастасия Кухарева.
Жас ғалымдар Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-да жүзеге асырылып жатқан жобалары жайлы баяндады.
Мен осы университеттің жас ғалымымын. ЖОО-ның аясында бірнеше жобаларды жасап шығарамыз. Президенттің жолдауын тыңдап, өте қуандым. Себебі ғылымды дамыту, оған көңіл бөлу керектігі айтылды. Осы ретте, айта кетерлігі біз жас ғалымдар болып мақтадан целлюлоза алуды жүзеге асырып жатырмыз. Ол біздің ауыл шаруашылығына үлкен көмек. Себебі Оңтүстік өңірде мақта өндірісі қарқынды дамуда. Көрпе-көпшік жасауға, мата даярлауға пайдаланылады. Дегенмен соңғы жылдары шетелден мақтаның орнына целлюлозадан көрпе жасауға кіріскендіктен, шаруашылық кенжелеп қалды. Тұрғындардың басым көпшілігі жұмыссыз қалып, ауыл шаруашылығы тұралап қалды. Егер біз целлюлозаны өзіміз істейтін болсақ, еліміздегі зауыттарда мақтаны өңдеп, қажетіне жұмсар едік. Сол себептен Мемлекет басшысының жас ғалымдарға көрсетіп жатқан көмегі құптарлық іс деп санаймын. Жолдауда айтылған ауыл шаруашылығын дамытып, өндірісімізді арттыру қажет деп есептеймін, - деді Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың кіші ғылыми қызметкері Аида Қайратқызы.