Жас ғалымдар қанттың орнын басатын дәрілік өсімдік өсіріп жатыр

3 Мамыр 2022, 04:33
1679
Бөлісу:
Жас ғалымдар қанттың орнын басатын дәрілік өсімдік өсіріп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ғылыми жоба аясында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан универстетінің жылыжай кешенінде қант диабетіне қарсы дәрі-дәрмек алынатын Stevia өсімдігі өсіріліп жатыр, деп хабарлады Otyrar.kz.

Жас ғалымдар оны болашақта өндіріске енгізуді де көздеп отыр. Ғылыми жобаның жетекшісі – PhD докторы Абдуғани Әзімов.
"Бал шөбі" деген атқа ие болған стевия өсімдігінің жапырақтарынан өндірілген табиғи өнім қолданыстағы қанттан 15 есе тәтті. Мұны қантпен алмастырумен бірге фармацевтикалық бағытта қолдануға болады. Бұл одан алынатын дәрі-дәрмек өнімдерінің қарапайым азаматтар үшін қолжетімді болуына сеп болмақ.

Қазір әлемнің алдыңғы қатарлы елдері осы өсімдікті өсіруге көңіл бөліп отыр. Себебі стевиядан алынатын биология қоспа қант диабетін емдейтін, ас қорыту жүйесінің жұмысын реттейтін және жүйке жүйесіне оң әсерін тигізетін қасиетке ие. Біз осы дәрілік өсімдікті өз елімізде өсіріп, өндіріске енгізуді көздеп отырмыз, – дейді жоба жетекшісі Әзімов.

Ыстыққа төзімді, ашымайтын, өнімдердің дәмін қанық ететін табиғи тәттінің бағасы қолданыстағы қанттан арзан. Одан бөлек, 5 кг стевиозид 1 тонна қанттың тәттісін береді.

Стевия жылу сүйгіш өсімдік болғандықтан Қазақстанның климатына төзімсіз әрі өнуге бейімсіз келеді. Осыған байланысты жоба авторлары оны оқуорнының жылыжайында көбейтуді қолға алуда. Заманауи құралдармен жабдықталған кешеннің топырағы өңделіп, қосымша минералды тыңайтқыштармен байытылған.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Стевия өсімдігінен өндірілетін қант еліміздің ауылшаруашылығы, денсаулық сақтау, тағамтану және экономика саласына оң серпін береді. Алдағы уақытты бұл өсімдікті қаладағы жылыжай кешендерінде өсіру жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы