31 мамыр күні қазақ ғылымының қара шаңырағы – Ғылым ордасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ғалымдармен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев жас ғалымдарға қолдау көрсету – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екендігін баса айта келе, жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант санының ұлғайғандығы мен оларды баспанамен қамтамасыз етудің жалғасатындығын ерекше атап өтті. Мәселен, былтыр 284 жас ғалым баспаналы болса, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен тағы 200 пәтер берілетін болды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы ғылымның түрлі саласында еселі еңбек етіп жүрген бірнеше азаматқа салтанатты түрде пәтер сертфикаттарын табыстады. Пәтер сертификатын алған жас ғалымдардың арасында Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының физикалық антропология зертханасының меңгерушісі Рамазан Жанұзақ та бар.
Рамазан Жанұзақ елімізде физикалық антропология бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасап жүрген дара жас ғалым. Оның зерттеулері Қазақ даласын ежелгі дәуірлерде мекендеген халықтардың антропологиялық кескін-келбетін анықтаумен тығыз байланысты.