Жас десантшылар алғаш рет парашютпен секірді

10 Қыркүйек 2019, 16:12
3389
Бөлісу:
Жас десантшылар алғаш рет парашютпен секірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының Қапшағай гарнизонында Десанттық-шабуылдау әскерлерінде әрі қарай қызмет өткеру үшін қабылданған жас офицерлер мен кадеттер Ми-17 тікұшағынан парашютпен алғаш рет секірді. Жоспарлы түрде өткізілген парашютпен секіруге 100-ге жуық ҚР Қорғаныс министрлігі әскери оқу орындарының түлектері қатысты. Бұл туралы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің баспасөз хатшысы хабарлады.

84 сағатты қамтитын екі апталық дайындық кезеңінде жас офицерлер мен кадеттер толыққанды әуе-десанттық дайындығынан өтті. Д 6-4 сериялы парашют жүйесінің құрылғыларымен, олардың тактикалық техникалық сипаттамаларымен танысты. Негізгі және қосалқы күмбезді жинау кезінде оның әрбір сақтандырушы бөлшектері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Әрбір десантшының секіру алдындағы моральдық-психологиялық жағдайы електен өткізілді. Осылайша, секіруге дейін жер бетіндегі дайындықтан сүрінбей өткен десантшылар 800 метр биіктіктен алғаш рет парашютпен секірді.

Жас десантшылар алғаш рет парашютпен секірді

«Парашютпен секіру – Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік дайындығының негізі. Көк берет пен жолақ жейдені кию құрметіне ие болу – тек көк жүзін бағындырғанда ғана мүмкін болады. Сондықтан бүгінгі жас офицерлер мен кадеттерді алғашқы бағындырған шыңдарымен шын жүректен құттықтаймын», - дейді қызмет тәжірибесінде шамамен 2000 рет парашютпен секірген 32363 әскери бөлімі командирінің әуе-десанттық даярлық жөніндегі орынбасары, гвардия подполковнигі Абдирахим Юлдашев.

«Мен бүгін нағыз десантшылар қатарына қосылдым. Талмай еткен еңбектің, тәжірибелі мамандардың білімдері мен біліктіліктерінің арқасында көздеген мақсатқа қол жеткіздім. Әрі қарай абыройлы шеніме дақ түсірмей қызмет етуге ант етемін», - дейді Алғашқы секіруі сәтті аяқтаған Құрлық әскерлері Әскери институтының түлегі, лейтенант Куликенов Рустем.

Жас офицерлер мен кадеттер ендігі жоспарлы секірудің күрделенген кезеңі – штаттық АК-74 қаруымен секіру түрін орындайтын болады.

Өзгелердің жаңалығы