Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға қала әкімінің атынан жаңа жылдық сыйлықтарды дербес жеткізу бойынша "Жаңа жылдық сапар" экспресс-эстафетасы басталды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Эстафетаның салтанатты ашылуын дәстүр бойынша Аяз Ата мен Ақшақар, еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығын бейнелейтін ертегі кейіпкерлері мен 30 ағайынды аяздар қоршап алды.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, ерекше білім алу қажеттілігі бар, мүгедектігі бар балалар, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылық пен қоғамдық өмірде жетістікке жеткен дарынды балалар Нұр-Сұлтан әкімінің атынан киім сатып алуға 50 мың теңгеге сертификат, тәттілер, үстел ойынын және құттықтау хаты түріндегі жаңа жылдық сыйлықтар алды.
Жаңа жылдық сыйлықтарды Аяз Ата мен Ақшақар жеткізді. Сыйлықтарды жеткізу қала бойынша "Жаңа жылдық рейс" түрінде өтті.
Айта кету керек, іс-шара барлық санитарлық нормалар мен карантиндік шектеулерді сақтай отырып өтті.
Қазақстан Президенті мен елорда әкімінің атынан барлығы 800 астаналық бала жаңа жылдық сыйлықтар алды.