"Жарылыстың дауысын естідік": Демалысқа барған отандасымыз Қатардағы ахуал туралы

Отандасымыз Қатардағы ахуал туралы: жарылыстар, қауіпсіздік шаралары және бейбітшіліктің шынайы бағасы

 кейіпкердің мұрағатынан Бүгiн 2026, 10:48
Бүгiн 2026, 10:48
436
Фото: кейіпкердің мұрағатынан

Қазақстандық турист Заңғар Серікұлы отбасымен және достарымен бірге 26 ақпан күні Астана қаласынан чартерлік рейспен, Air Astana әуе компаниясының ұшағымен Қатарға келген. Демалыс сапары күтпеген жағдайда аймақтағы әскери шиеленіс кезеңімен тұспа-тұс келіп, олар оқиға куәгеріне айналды. BAQ.KZ тілшісі отандасымызбен байланысып, жағдайды білді.

«Алғашында ұшақтарды көрдік, кейін бәрін түсіндік»

Заңғардың айтуынша, жағдайдың ушығып бара жатқанын ол 28 ақпан күні таңертең байқаған.

Кейіпкерден

Таңғы сағат тоғыз шамасында жаттығу залына түсіп бара жатқан кезде аспанда бірнеше әскери ұшақты көрдім. Біреу емес, бірнешеу. Кейін картадан қарап, біздің орналасқан қонақүйіміз – Rixos Gulf Hotel Doha – америкалық Al Udeid Air Base әуе базасына жақын екенін байқадым. Бәлкім, сонымен байланысты шығар деп ойладым. Бірақ кейін жаңалықтардан Израильдің Иранға жасаған соққылары туралы ақпарат шыққанда жағдайдың мәнін түсіндік, - деп ол болған оқиғаны айтып берді.

Сол күні түскі уақыт шамасында қатты жарылыс дыбыстары естілген. Одан кейін сиреналар қосылып, қонақүй ішінде қауіпсіздік шаралары күшейтілген.

Жарылыстар мен сиреналар

1 наурыз күні кешкі сағат 22:41-дегі жағдай бойынша Заңғар ахуал салыстырмалы түрде тынышталғанын айтады. Дегенмен алыстан жарылыс дыбыстары әлі де естіледі.

Кеше таңғы сегізге дейін жарылыстар қатты естілді. Кейбірі жақын маңнан шыққандай болды. Бүгін тыныштау, бірақ ара-тұра алыстан дыбыстар келеді, - деп айтты Заңғар Серікұлы.

Қауіпсіздік шаралары күшейтілген

Қонақүй әкімшілігі туристердің сыртқа шығуына шектеу қойған. Тіпті ғимарат маңындағы бассейнге де кіруге рұқсат жоқ.

Бізден қонақүй аумағынан шықпауымызды сұрады. Балконнан қарағанда көшеде көліктер жүріп жатыр, қатты дүрбелең байқалмайды. Бірақ қауіпсіздік шаралары қатаң, - дейді ол.

Қазақстан елшілігімен байланыс орнатылған. Кешке қарай дипломатиялық өкілдік азаматтарға тіркелу, жеке мәліметтерін беру және қонақүйден шықпау жөнінде нұсқаулық жіберген.

Қонақүйде шамамен 50-ге жуық қазақстандық турист бар. Олардың ішінде 28 ақпан күні ұша алмай қалғандар да, алдағы күндері қайтуы тиіс болғандар да бар.

Кейіпкерден

«Дүрбелең жоқ»

Заңғардың айтуынша, жергілікті халық арасында айқын дүрбелең байқалмайды. Ірі сауда орталықтары жабық болғанымен, дүкендер мен дәріханалар жұмыс істеп тұр. Қонақүй қызметкерлері туристерге жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр.

Қызметкерлер жағдайымызды сұрап, түсінбегенімізді түсіндіріп, көмектесіп жатыр. Қамқорлық бар, - деді отандасымыз.

Заңғардың пікірінше, бұл жағдай Таяу Шығыс елдеріне деген туристік сұранысқа әсер етуі мүмкін.

Біраз уақытқа дейін адамдар бұл аймаққа келгісі келмейді деп ойлаймын. Өз басымыз бір-екі жылға дейін мұнда саяхат жоспарламаймыз, - деді Заңғар Серікұлы.

Ол қазіргі жағдайда Азия елдерін қауіпсіз бағыт ретінде қарастыруға болатынын айтады. Әсіресе Қытай, Вьетнам, Таиланд және Бали бағыттарын атайды.

«Ең бастысы – амандық»

Бұл оқиға оның дүниетанымына да әсер еткен.

Қазір түсінгенім – адам қаншалықты бай, қаншалықты қуатты болса да, ішкі жан дүниесі тыныш болмаса, бәрі бекер екен. Бейбітшіліктің қадірін осындай сәтте білесің. Ең бастысы – басымыз аман, деніміз сау болсын. Қазақ айтқандай, осының өзі – нағыз байлық, - дейді ол.

Заңғар Серікұлы мен өзге де қазақстандықтар сабыр сақтауға шақырып отыр. Шетелде жүргенімен, мемлекет қолдауы бар екеніне сенеді.

Қандай жағдай болса да, еліміз бізді далада қалдырмайды деп сенеміз. Сондықтан барлығын сабыр сақтауға шақырамын, - деп айтты отандасымыз.

Оқиға ортасында жүрген қазақстандықтың айтуынша, ең құнды нәрсе – бейбіт аспан мен ішкі тыныштық. Қалғанының бәрі уақытша.

Наверх