26 ақпанда Щучинск қаласындағы бес қабатты тұрғын үйге іргелес салынған бір қабатты дәмханада газ-әуе қоспасының жарылысы болып, салдарынан 7 адам қаза тауып, 28 адам зардап шекті. Қазіргі уақытта өрт толық сөндірілді, алайда оқиға орнында шұғыл қызметтер жұмысты жалғастырып жатыр. BAQ.KZ тілшісі оқиға орнына барып, өртенген дәмхананың қазіргі жағдайын өз көзімен көріп қайтты.
Бір қабатты дәмхана жарылыс пен өрт салдарынан қатты бүлінген. Соққы толқыны терезелерді ұшырып, құрылыс конструкцияларының бір бөлігі қираған. Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері әлі де аумақта жұмыс істеуде.
Құтқарушылар үй-жайдан сегіз газ баллонын сыртқа алып шыққан. Олардың жағдайы мен оқиғадағы ықтимал рөлі тексеріс барысында анықталады. Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері үйінділерді аршу жұмыстарын жалғастыруда. Арнайы техника жұмылдырылған, аумақ толық қоршауға алынып, қозғалыс шектелген.
Өте ауыр жағдай. Жақынынан айырылған барлық отбасына сабыр тілейміз. Бұл – үлкен қасірет. Біз осы маңда тұрамыз, адамдарды танимыз. Қазір ең бастысы – бір-бірімізге қолдау көрсету, – дейді ол.
Терезе жанында тұрғанмын. Адамдар шұжық алуға кірген еді. Бір кезде қатты дыбыс шықты. Басымды бұра бергенімде, жарылыспен бірге от көрінді. Абыр-сабыр басталды. Адамдар сыртқа жүгірді. Біздің дүкенге күйік шалған үш адам кірді. Жедел жәрдем келгенше бәрі қозғалыста болды – көліктер, өрт сөндірушілер, полиция. Барлығы бір-біріне көмектесті, – дейді ол.
Қазіргі уақытта оқиға орны шұғыл қызметтердің бақылауында. Мамандар ғимарат пен аумақты толық тексеріп, жарылыстың себептері мен мән-жайын анықтауда. Тексеру жұмыстары толық көлемде жүргізіліп жатыр, қауіпсіздік шаралары сақталған.