Ақтөбедегі жоғарғы оқу орындарына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлап, елді дүрліктірген күдікті қолға түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол Батыс Қазақстан облысындағы мектептердің бірінде оқитын 10-сынып оқушысы болып шықты. Бұны экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері анықтаған. Қазір қолға түскен жасөспірім өз ісін мойындап отыр. Оның өткен жылғы мамыр айында Ақтөбедегі жоғарғы оқу орындарына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарламаға қатысы бар болып шықты. Білім ұяларының мекен жайына арнайы қызметтер, саперлер мен кинологтар шұғыл жетіп, тексеру жүргізгенімен қауіп төндірер зат табылмады. Полиция қызметкерлері құқық қорғау органдарында мұндай қылмыстарды анықтау үшін жаңа техникалық құралдармен жабдықталған арнайы бөлімшелер барын ескертіп отыр.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті терроризм актісі туралы жалған хабарлама жасағаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделгенін және бұл қылмыс ауыр қылмысқа жататынын ескертеді. Егер жалған терроризм туралы хабарлама кәмелетке толмаған баладан келсе, онда оның "әзілдері" ата-анасына жүктеледі, – деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.