Бұл туралы әуе айлағын дамыту тұжырымдамасының таныстырылымында «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Хамзин айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңа стратегияның нәтижесінде өндірістік тұрғыда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді. Биыл бірінші жартыжылдықтағы таза табыс 1,6 млрд теңге болды. Өткен жылы біз 4,8 млн жолаушыға қызмет көрсеттік, ал 2022 жылдың қаңтар-тамыз айларында жолаушылар ағыны 3,5 миллионнан асты. Жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 5,3 миллионға жетіп, табыс 68 млрд теңге деңгейінде болады деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,8 пайызға жоғары болмақ, – деді Астана қаласындағы әуежайдың өкілі.
Әуежайда шығындарды оңтайландыру және қосымша кіріс түрлерін дамыту арқылы табыстың ұлғаюына қол жеткізілген. Локдаун кезінде қаржылай тұрақтылықты сақтау үшін операциялық шығындар қысқартылып, тұрақты транзиттік жүк авиарейстерінің үлкен көлемін тарту мақсатында айтарлықтай күш-жігер жұмсалған. Осылайша, елдер арасындағы шекаралардың жабылуы кезеңінде көптеген шетелдік авиакомпаниялар Астана әуежайын Еуропадан Азияға транзиттік аялдама ретінде пайдалана бастады.
Мультимодальдық және транзиттік жүк тасымалдарына басымдық беру дұрыс шешім болғанын көріп отырмыз. 2021-2022 жылдардағы кірістің шамамен 70%-ы әуежайдың транзиттік жүк рейстеріне қызмет көрсетуге қайта бағдарлануы есебінен алынған. Әуежай алғаш рет операциялық пайдаға шығып, несие берушілер алдындағы барлық міндеттемені орындады, – деп толықтырды Хамзин.
Алынған кірістер есебінен кәсіпорын дефолттан құтылып, тарифтерді көтермей-ақ дағдарыс кезеңінен шықты. Бұл өз кезегінде отандық авиакомпанияларға қатысты жүктемені азайтты. Сонымен қатар локдаунға қарамастан, аталған әуежай мен оның Көкшетау қаласындағы филиалының 2 мыңнан астам қызметкері жұмыс орындарын сақтап қалды. Кәсіпорын қызметкерлер алдындағы барлық әлеуметтік міндетті толық көлемде өтеп, ең төменгі жалақы көлемін 40%-ға арттырды.
Жұмыс барысындағы басымдықтарды қайта қарау нәтижесінде әуе айлағының одан әрі дамуы үшін жағдай жасалды. Бүгінгі таңда күзгі-қысқы навигация жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Кез-келген ауа-райы жағдайында үздіксіз жұмыс істеу мақсатында қар жинайтын 5 заманауи машина сатып алынды. Олар ұшу-қону жолағы мен перронды тазартуды едәуір жылдамдатады.