Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан Қызылордада жарты жыл жыныстық құлдықта болған қыздың қазіргі жағдайы қалай екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол қыз балаға дер кезінде психологиялық қолдау көрсетілді. Ата-анасымен хабардамыз. Өңірдегі психологиялық қолдау орталығы отбасымен жұмыс істеп жатыр, - деді Оспан.
Вице-министр ішкі істер органдары қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын атап өтті.
Өздеріңіз білетіндей, отбасының құпиясына байланысты дүние. Тергеу аяқталғаннан кейін ішкі істер органдары мәселенің мән-жайы жайлы толық ақпарат береді, - деді ол.
Оқу-ағарту министрлігі өкілі атап өткендей, жәбір көрген 16 жастағы қыз сабағын жалғастырады.
Бұл мәселе отбасының келісімімен шешіледі. Қазір ол отбасы үшін шешім қабылдай алмаймын. Мектепте оқиды. Өйткені ол мектеп жасында. Қалай оқитыны шешіледі, - деп түсіндірді Еділ Оспан.
Еске сала кетейік, Қызылорда облысында 16 жастағы қызды сыныптастары жарты жыл бойы жыныстық құлдықта ұстағаны анықталды. Іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірқатар жауапты тұлға қызметінен босатылды.
Бүгін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қызылорда облысында жыныстық құлдыққа түскен 16 жастағы қыздың ісіне қатысты жағдайды түсіндірді.