Жарты ғасыр жөндеу көрмеген баспана тұрғындары наразылық білдірді

20 Ақпан 2025, 19:15
241
Бөлісу:
Жарты ғасыр жөндеу көрмеген баспана тұрғындары наразылық білдірді
PHOTO
Фото: автордан

Атырауда 50 жылдан бері жөндеу көрмеген үйдің тұрғындары наразылық білдірді. Жұрттың сөзінше, қаланың қақ ортасындағы баспанада жәндік қаптап, тері ауруы көбейген. Кәріз суының иісінен де тыныстау қиын көрінеді. Сол себепті терможаңғырту жүргізілуін талап етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тұрғындардың алды бұл үйде 40 жылдан бері тұрады. Баспана сол уақыттан бері мүлдем жөндеу көрмеген. Осы уақытқа дейін жұрт өз күштерімен сылап-сыйпап, подъездерді ақтап келген. Бірақ қазір одан пайда шамалы. Жертөледегі жағымсыз иіске шыдау мүмкін емес деп отыр. Қысы-жазы масадан да тыным жоқ екен.

Өмір сүру мүмкін емес. Үйдің іші толған маса. Подъезден өткенде жағымсыз иіспен тыныстайсың. Оның бәрі үйге кіріп жатыр. Терезе де аша алмаймыз тіпті. Жертөле суға толып тұр. КСК жауаптылары тазалық жүргізбейді мүлдем. Не үшін ақша төлеп отырғанымызды білмейміз. Қоқыс жолда жатады. Ал терможаңғыртуға қол жинап, құжат тапсырғанбыз. Ол жұмыс жасалмады. Баспананың қазіргі күйінен адам шошиды. Жәндіктердің кесірінен балаларда тері ауруы көбейді. Аллергия өршіді, - дейді қала тұрғыны Ләззат Досбаева.

Пәтер иелері кооперативінің басшылары бұл жағдайдан хабардар. Бірақ терможаңғыртуға қол жиналған құжатты тапсыруды былай қойғанда, күнделікті тазалық жұмыстары да жүрмейтінін айтады. "Сонда қалтамыздан төленетін ақы желге ұша ма?" деп ашулы. Проблеманы айтып жауаптылардың табалдырығын тоздырған. Шенділер уәде беріп, шығарып салатын көрінеді.

Мен өзім бұл үйде 40 жыл тұрамын. Өмір бойы жөндеу жүргізілгенін көрген жоқпыз. Шамамыз жеткенше подъезд ішін ақтап қоямыз. Бірақ ол да көмектеспейді. Жауаптылардың бәріне айттық, табалдырығын тоздырдық. Еш нәтиже жоқ. Енді қайда барарымызды білмейміз. "Терможаңғырту бойынша құжаттарың жоғалып кеткен" дейді. Жөндеудің басталмай жатқандығы да содан. Кәріз құбыры ағып жатыр. Үйдегі иіспен тұру мүмкін емес. Мұның бәрі бізге шынымен де қолайсыздық тудырып тұр. Жауаптылар бір шарасын қолданса дұрыс болар еді, - деді қала тұрғыны Наталья Алексашечкина.

Жарты ғасыр жөндеу көрмеген баспана тұрғындары наразылық білдірді

Мәселемен жауапты бөлім өкілдері де жақсы таныс. Тұрғындармен кездесуге келген шенді "Мұндай жиналыстарды өткізу алдында 1 апта не 10 күн бұрын ескертілсе, толық дайындалып келер едік" деп қарашаның өзіне бас салды. Пәтер иелері кооперативінде тапсырылатын құжат толық болмаса, архив ақтаруға дайынбыз деп отыр. 

Негізі мұндай жиындарды қолданыстағы заң аясында 10 күн, 1 апта бұрын ескертіп, жасағанда жан-жақты, егжей-тегжейлі ақпарат көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік болар еді. Терможаңғырту бағдарламасына қажетті құжаттары жоқ деп айтып тұр тұрғындар. Біз оны пәтер иелері кооперативінің басшысын шақырып, бәрін анықтаймыз. Олар жоқ болса, өзіміздің тарапымыздан архивке хат жолдап, алуға болады. Ол қиын емес. Тұрғындардың барлығы міне терможаңғыртуға кіреміз дегенде нақты кезекке қоямыз. Осыған дейін де біздің 2024 жылғы жоспарларымыз бар. Кезең-кезеңімен жұмыс жасалады, - дейді Қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Темірлан Әубәкіров. 

Жақын күндері ықшам аудандағы кәріздік сорғы станциясынан ақау шығып, 120 пәтерлік тұрғын үйдің жертөлесіне су аққан. Оған жауапты "Атырау су арнасы" өкілдері суды соруға техника бөлген. Бірақ жертөледегі суға, жалпы үйдің жағдайына тұрғындардың өзі жауапты дейді. Ақаудың шығуына кәріздік станциялардың ескіруі себеп екенін алға тартты.

Кәріздік сорғы станцияларының желілері ескірген. Өте нашар десек те болады. 90 пайызы жасамайды. Сондықтан біз ақауларды жою бойынша жұмыстар атқардық. 50 метрлік құбыр ауыстырылды. Алдағы уақытта, яғни биыл құбырларды ауыстыру жобасы басталады. Оған мердігер компания анықталды. "Сапа құрылыс" компаниясы жүргізеді. Әуезов көшесінен бастап Молдағалиеваға дейін ауысады. Қала бойынша ескі екені рас. Бірақ ол үйге өтпеу керек еді. Жертөлеге ақса, ол сол үйдің сапасына байланысты, - дейді "Атырау су арнасы" КМК бөлім басшысының орынбасары Жеңіс Кісімов. 

Айта кетсек, былтыр Атырау қаласы бойынша терможаңғырту жұмысын жүргізуге қазынадан 1 млрд 337 млн теңге бөлініпті. Соның арқасында 27 көпқабатты үй жөндеуден өткен. "Барлық нысан бойынша жұмыс аяқталды" дейді жауаптылар. Ал биыл бюджеттен тағы қанша қаржы бағытталатыны белгісіз. Қалалық әкімдіктегілер болжаммен 40 шақты үй қалыпқа келтірілетінін айтты. Ал шу шығарған баспана тұрғындарының әлі қанша уақыт күтетіндері белгісіз. Құжат дайын болса, бәрі терможаңғыртуды қолдап отыр. Қазір тым болмаса жертөлені тазалап берсе деген үмітте.

Өзгелердің жаңалығы