«Бір аптада арықтайсыз», «Ағзаңызды тазартады», «Созылмалы аурудан құтыласыз»… Әлеуметтік желіде биологиялық белсенді қоспаларды осындай уәделермен жарнамалайтындар аз емес. Алайда әдемі қаптама мен жағымды пікірлер өнімнің қауіпсіздігін растамайды. Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев ББҚ сатып алғанда қандай ақпаратқа назар аудару керегін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Маманның айтуынша, ең алдымен тағамға биологиялық белсенді қоспалардың дәрілік зат емес екенін түсіну қажет. Олар мамандандырылған тамақ өнімдеріне жатады.
Қосымша дәрумендер дәрігер тағайындаған емді алмастырмайды. Сондықтан қоспаны белгілі бір ауруды емдеу мақсатында өз бетінше қабылдау немесе оның пайдасына дәрі-дәрмектен бас тарту дұрыс емес, – деді Мұхамғали Арыспаев.
Сатып алушының алғашқы қадамы – өнімнің мемлекеттік тіркеуден өткенін тексеру. ББҚ-ның мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі болуы тиіс. Оның бар-жоғын Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай тізілімінен қарап, өнімнің атауы мен өндірушісі туралы мәліметтерді қаптамадағы ақпаратпен салыстыру қажет.
Сатушы көрсеткен құжаттың дәл сол өнімге тиесілі екеніне көз жеткізу маңызды. Ал “шетелден әкелінген өнімге тіркеу қажет емес” деген түсіндіруді қабылдауға болмайды, – деді ол.
Өнімнің заттаңбасын да асықпай оқып шыққан жөн. Қаптамадан қоспаның атауын, шығарылу нысанын, құрамын және белсенді компоненттердің мөлшерін қарау керек. Өндіруші мен оның мекенжайы, өндірілген күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, қолдану тәсілі мен қарсы көрсетілімдері туралы ақпаратқа да назар аудару қажет. Мемлекеттік тіркеу туралы мәлімет пен «Дәрілік зат емес» деген ескерту анық берілуі тиіс.
Цифрлық таңбалау да назардан тыс қалмауы керек. Қазақстанда 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап ББҚ-ны міндетті цифрлық таңбалау енгізілді. Талап осы күннен бастап өндірілген, тиісті тізбеге кіретін өнімдерге қолданылады. Олардың қаптамасында Data Matrix коды болуы қажет. Кодты ресми тексеру қолданбасы арқылы сканерлеп, өнім туралы мәліметтерді салыстыруға болады.
Белгіленген күнге дейін өндірілген таңбаланбаған өнім қалдықтарын жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін өткізуге рұқсат етіледі. Сондықтан кодтың жоқтығын бағалағанда өнімнің өндірілген күнін де ескеру керек, – деді департамент басшысының орынбасары.
Құжаттары дұрыс болғанымен, қаптамасы бүлінген немесе сақтау шарттары бұзылған өнімді сатып алуға болмайды. Қорғаныш пломбасының бүтіндігін, құтының ашылмағанын және жарамдылық мерзімін тексерген жөн. Заттаңбасы жоқ, жазуы өшкен, шығу тегі мен құрамы белгісіз қоспадан бас тартқан дұрыс. Төмен баға немесе уақытша жеңілдік мұндай күмәнді елемеуге себеп болмауы тиіс.
Маман сатып алатын орынды таңдауға да жауапкершілікпен қарау қажеттігін айтты. Сатушысы туралы мәліметі ашық, өнімнің құжаттарын ұсына алатын дәріханалар мен мамандандырылған дүкендерге басымдық берген дұрыс. Әлеуметтік желілер, мессенджерлер немесе белгісіз сайттар арқылы тапсырыс бергенде ерекше сақтық қажет.
Өнімнің қайдан келгенін, қалай сақталғанын және оны кім сатып отырғанын анықтау мүмкін болмаса, сатып алуға асықпаңыз, – деді Мұхамғали Арыспаев.
Жарнамадағы шектен тыс уәделер де ойландыруы керек. «Қант диабетін емдейді», «Қан қысымын біржола қалыпқа келтіреді», «Дәрі ішудің қажеті болмайды» деген сөздерге сенуге болмайды.
“Құрамы табиғи, демек жанама әсері жоқ” деген пікір де жаңсақ. Биологиялық белсенді қоспалар жағымсыз әсер туғызуы және қабылдап жүрген дәрілермен өзара әрекеттесуі мүмкін. Сондықтан оларды қолданар алдында, әсіресе тұрақты дәрі қабылдайтын адамдарға дәрігермен кеңескен жөн, – деді маман.
Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, ББҚ таңдағанда оның танымалдығына емес, өнім туралы ақпараттың анық әрі тексеруге қолжетімді болуына мән беру қажет. Мемлекеттік тіркеуді тексеру, заттаңбаны оқу және жарамдылық мерзіміне қарау асығыс шешімнен сақтайды.