Жаркент қаласында кішкентай баланы соққыға жығу дерегі тіркелді. Бұл туралы BAQ.KZ хабарлайды.
taldykorganec_kolesa парақшасында жарияланған видеодан әйел адамның жасы шамамен 3–4-тегі баланы қатыгездікпен ұрып жатқанын көруге болады. Ол баланың бүкіл денесін соққылап, тепкілеп, қолынан тартып, бұрап, басы мен арқасынан ұрған.
Анасы өз баласын батареяға байлап, аяусыз соққыға жыққан. Сол кезде пәтерде тағы үш бала болған. Әкесі болған жайтқа араласпай, жанында үнсіз отырып, бәрін телефонға түсіріп отырған, – делінген видео сипаттамасында.
Жетісу облыстық білім басқармасының мәліметінше, аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Баланың анасы полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Балалар жағдай толық анықталғанға дейін Отбасын қолдау орталығына орналастырылды, – деп хабарлады ведомство.
Жетісу облысы ПД басшысының орынбасары Руслан Чарапиевтің айтуынша, ұсталған әйел 28 жаста. Оның сөзінше, қорғаншылық органдарына ата-ана құқығынан айыру туралы ұсыныс жолданады.