Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2,4 миллионнан астам адамға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты төлемдер тағайындалды.
2 млн 461 мың 653 адамға ТЖ кезеңінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) әлеуметтік төлем тағайындалды.
14 сәуірдегі сағат 15:00-дегі жағдай бойынша ТЖ кезеңінде табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау үшін 4 млн 701 мың 179 азаматтан барлығы 6 млн 37 мың 660 өтініш келіп түсті. Осылайша, 1 млн 336 мың 481 қайталанатын өтінім тіркелді, - делінген ведомство хабарламасында.
Бірегей өтініштердің ең көп саны:
- Алматы облысы – 600 953;
- Алматы қ. – 583 981;
- Түркістан облысы – 577 885;
- Нұр-Сұлтан қ. – 376 860;
- Шымкент қ. – 308 981.
Өңірлер бойынша келесі облыстардың тұрғындарына жәрдемақы ең көп тағайындалған:
- Алматы облысы – 374 734;
- Түркістан облысы – 272 126;
- Алматы қ. – 265 811;
- Нұр-Сұлтан қ. – 282 215;
- Жамбыл облысында – 161 745.
Деректерді тексеру және өтінішті қарау мерзімі 3 жұмыс күнін құрайды. Өтініштерді қарау мерзімдерінің ұлғаюына жол бермеу мақсатында азаматтардан өтінішті бір рет берулеріңізді сұраймыз.
МӘСҚ-та төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері "Азаматтарға арналған үкімет" МК" КЕАҚ-ға жіберіледі, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін жібереді.
Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot адресі бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады.
Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы Қағидаларға сәйкес ТЖ кезеңінде қызметтің шектелуіне байланысты табысынан айырылған жағдайда бір адамға МӘСҚ-тан айына 42 500 теңге мөлшерінде берілетін әлеуметтік төлем келесі санаттарға:
–шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– жеке кәсіпкерлерге;
– жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
– бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға;
– нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдарға жүзеге асырылады.