ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов Дүниежүзілік Банктің Қазақстандағы және Түрікменстандағы Тұрақты өкілі Андрей Михневпен, Мемлекеттік қызметтің Астана хабы Басқару комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменовпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесуге қатысушылар Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Қоғамдық жобалық кеңсесінің қолдауымен іске қосылған «MIND» акселераторы аясындағы өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Төраға орынбасары акселератор аясында «Жақсы денсаулық және әл-ауқат», «Сапалы білім», «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу», «Орнықты қалалар мен елді мекендер» және «Бейбітшілік, сот төрелігі және құқықтық тәртіп» сияқты тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі командалар жүргізіп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Сонымен қатар, Қоғамдық жобалық кеңсенің сарапшылары орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудің ағымдағы жай-күйін зерделеу үшін негізгі міндеттерді анықтады және оларға қол жеткізуге кедергі келтіретін алшақтықтардың пайда болу себептеріне талдау жүргізді. Жұмыс нәтижелері пилоттық жобалар түрінде Ақмола облысында іске қосылады.
Кездесу барысында мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері мен халықаралық ұйымдар арасындағы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудегі ынтымақтастығының маңыздылығы атап өтілді. Тараптар жаһандық міндеттер болып табылатын БҰҰ белгілеген және адамдардың өмірін жақсарту мен жер жүзін сақтауға бағытталған орнықты даму мақсаттарын жан-жақты іске асырудың маңыздылығына назар аударды.
Тараптар кездесу қорытындысы бойынша «MIND» акселераторын қолдаудың ықтимал тетіктеріне, халықаралық сарапшыларды ауқымды тартуға және Қазақстанның орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуіне жәрдемдесудің өзара шараларын жетілдіруге қатысты бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізді.