Жапонияның солтүстік-шығысында дүйсенбі күні кешке қуатты 7,2 балдық жер сілкінісі тіркеліп, билік Хоккайдо, Аомори және Ивате префектураларына цунами туралы ескерту жариялады. Жапон метеорологиялық агенттігі 3 метрге дейін жетуі мүмкін цунами қаупі бар екенін хабарлап, шамамен 90 мың адамға эвакуацияға шығу туралы нұсқау берді, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.
Агенттіктің мәліметінше, сілкініс жергілікті уақытпен 23:15-те (1415 GMT) Аомори префектурасының жағалауынан шамамен 80 км қашықтықта, 50 км тереңдікте болған. Билік бірнеше портта биіктігі 20-70 сантиметр болатын алғашқы цунами толқындарының байқалғанын растады.
Жапондық 1-7 балдық сейсмикалық қарқындылық шкаласы бойынша Аомори префектурасында бұл дүмпу «Жоғарғы 6» деңгейінде бағаланды. Мұндай деңгейдегі жер сілкінісінде адамдар тікесінен тұра алмайды, ал ауыр жиһаздың көпшілігі құлайды. Кейбір ғимараттарда қабырғалар мен терезелердің зақымдануы да ықтимал.
Жапония метеорологиялық агенттігінің өкілі брифингте: «Алдағы бірнеше күн ішінде бұдан да күшті жер сілкінісі болуы мүмкін», – деп ескерту жасады.
Энергетикалық компаниялар аймақтағы атом электр станцияларында ешқандай ақау анықталмағанын мәлімдеді. Tohoku Electric Power бастапқыда мыңдаған үйдің жарықсыз қалғанын хабарлағанымен, кейін бұл санды бірнеше жүзге дейін төмендетті. Hokkaido Electric Power да жағдайдың бақылауда екенін айтты.
Жапония – әлемдегі ең сейсмикалық қауіпті аймақтардың бірі. Тынық мұхитының «От сақинасы» деп аталатын белдеуінде орналасқан елде 6 балдан жоғары жер сілкіністерінің шамамен 20%-ы тіркеледі. Мұнда бес минут сайын жер асты дүмпуі сезіліп тұрады.
Елдің солтүстік-шығысы 2011 жылғы 11 наурызда тарихтағы ең жойқын сілкіністердің бірін бастан өткерген еді. Сол кезде мұхит түбінде орын алған 9 балдық соққы жойқын цунамиге алып келіп, 20 мыңға жуық адамның өмірін қиды. Сол апат Фукусима-1 атом электр станциясында жарылыстарға себеп болып, соңғы 25 жылдағы ең ірі ядролық дағдарысқа әкелгені белгілі.