Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жапонияда қазақтар қауымдастысғы құрылды. Қауымдастықтың ашылу салтанаты Қазақстан Елшілігінде өтті, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінен.
Жапонияда тұратын Қазақстанның азаматтары мен қандастарды біріктіру мақсатында мұндай қоғамдық ұйым алғаш рет құрылды.
Қазіргі уақытта, Қазақстан Елшілігінің деректеріне сәйкес, Жапонияда тұрақты негізде жұмыс істеп немесе оқып жүрген еліміздің 191 азаматы және Қытай, Моңғолия мен Өзбекстаннан барған 70-ке жуық қандастар тұрады.
Іс-шара барысында «Juntendo» университетінің клиникасында хирург болып жұмыс істейтін қауымдастықтың басшысы Әбдібек Қалыбек бірлестік қызметі туралы таныстырылым өткізді. Кәсіпкерлер арасында өзара ынтымақтастықты орнату, мәдени-гуманитарлық жобаларды іске асыру және ақпараттық қолдау қауымдастық қызметінің негізгі бағыттары ретінде айқындалған. Қазақстан Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев коронавирус індеті өршіп тұрған кезде Жапонияда тұратын отандастар өздерінің бірлігін көрсетіп, Қазақстан халқына гуманитарлық көмек жіберу үшін күш біріктіргенін және соның нәтижесінде қауымдастық құру идеясы туындағанын мәлімдеді, – делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.
Ашылу рәсімі барысында онлайн форматта Жапониядағы қазақтар қауымдастығы мен «Отандастар» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Сарбасов өз сөзінде шетелдегі отандастармен байланыстарды кеңейтудің маңыздылығын атап өтіп, отандастардың тілдік және этномәдени бірегейлігін сақтауға ықпал ететін қор бағдарламалары туралы хабардар етті.
Сонымен қатар, 2018 жылдан бері Жапонияда қазақстандық студенттер қауымдастығы жұмыс істейді.