Жапонияда мыңдаған адам жексенбі күні зоопаркке жиналып, елдегі соңғы екі алып панда – Сяо Сяо мен Лэй Лэймен қоштасты. Олар сейсенбі күні Қытайға қайтарылады, деп хабарлайды BAQ.KZ BBC-ге сілтеме жасап.
Токионың Уэно зоопаркінде адамдар пандаларды соңғы рет көру үшін бірнеше сағаттап кезекте тұрды.
Бұл оқиға Токио мен Бейжің арасындағы қарым-қатынастың ушығып тұрған тұсында болып отыр. Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичидің Қытай Тайваньға шабуыл жасаса, Токио әскери араласуға баруы мүмкін деген мәлімдемесінен кейін екі ел арасындағы байланыс күрт нашарлаған. Пандалар Қытайға кетсе, Жапония 1972 жылдан бері алғаш рет пандасыз қалмақ.
Алып пандалар Қытайдың «жұмсақ дипломатиясының» символы саналады. Алайда Қытай барлық панданың, соның ішінде шетелде туған төлдердің де иесі болып қала береді. Жануарларды қабылдаған елдер әрбір жұп үшін жылына шамамен 1 миллион АҚШ доллары көлемінде ақы төлейді. Қазіргі шиеленіс аясында Жапонияға болашақта жаңа пандалар беру мәселесі белгісіз күйінде қалып отыр.