Жапон мамандары Алматыда сейсмикалық қауіпсіздікке байланысты семинар өткізеді

15 Сәуір 2024, 15:52
405
Бөлісу:
Жапон мамандары Алматыда сейсмикалық қауіпсіздікке байланысты семинар өткізеді

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің брифингінде министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2024 жылғы 16-19 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жанындағы "KazAID" Қазақстандық халықаралық даму агенттігі Алматы қаласында сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша жапон мамандарының қатысуымен арнайы семинар ұйымдастырады, – деді ол.

Іс-шараны Жапонияның JICA халықаралық даму агенттігі, Қазақстанның құрылыс саласындағы мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау институты, сондай-ақ Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығы бірлесіп ұйымдастырады.

Жапон мамандары Орталық Азия және Кавказ елдерінің өкілдерімен сейсмикалық қауіпсіздік саласындағы тәжірибемен бөліседі. Сейсмикалық оқшаулау саласындағы озық технологиялар мен стандарттар туралы пікір алмасады және сейсмикалық құрылыстағы әлеуетті ынтымақтастықты талқылайтын болады , – деді Смадияров.

Сондай-ақ сарапшылар Алматы және Ното қалаларындағы соңғы жер сілкіністерін зерттейді. Бұл болашақта сейсмикалық тәуекелдердің алдын алу стратегияларын әзірлеуге өз септігін тигізеді деп күтіледі.

Өзгелердің жаңалығы