Жануарлардың аса қауіпті аурулары азайды - АШМ

19 Маусым 2020, 10:59
2752
Бөлісу:
Жануарлардың аса қауіпті аурулары азайды - АШМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысы барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты.

Ауыл шаруашылығы министрлігі елде эпизоотиялық ахуалды қамтамасыз ету бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Заңнамалық тұрғыда орталық, облыс, аудан қағидаты бойынша ветеринарлық бақылау қалпына келтірілді. Бұл бақылауға жатқызылған өнімнің тасылмалдануына бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. 2020 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында жануарлар ауруларының жіті және созылмалы инфекцияларының 80 ошағы ғана тіркелді. Ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес белгіленген мерзімде орындалуда. Алдағы уақытта жоспарланған 31,7 миллион диагностикалық зерттеудің 90,2%-ы орындалды. Жануарлар мен құстардың аса қауіпті 19 ауру түріне қарсы жануарларды вакцинациялау бойынша жоспарланған 150 миллион манипуляцияның 71,1 миллионы жүргізілді немесе ағымдағы жылдың 5 айындағы 96,8%-ы орындалды. Жұмыс жалғасуда, - деді ол.

Министрдің айтуынша, бүгінде республика өңірлері ветеринариялық препараттар мен жылдық қажеттіліктің 96,2%-мен қамтамасыз етілген. Ол, сонымен қатар, ветеринариялық препараттарды сатып алуда отандық өндірушілерге артықшылық көрсетілетінін жеткізді. 

Мәселен, өткен жылғы сатып алуда олардың үлесі шамамен 70%-ды құраған болатын.  Биыл нодулярлы дерматит бойынша препарат толық көлемде отандық Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институтынан сатып алынды. Бұл өткен жылға қарағанда 2,7 миллиард теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта аталған институтта жақында дайындалған түйе шешегіне қарсы вакцинаны сатып алу жоспарланып отыр, - деді Омаров. 

Министр бруцеллез бойынша жағымсыз пункттерді тіркеу серпіні төмендеп отырғанын айтты. 

Өткен жылы бруцеллезды диагностикалау тетігі өзгерген болатын. Бұл - оң нәтиже берген мал басының саны 2019 жылдың бес айындағы 32 мыңнан 2020 жылдың осы кезеңінде 28 мың басқа дейін қысқартуға немесе 12,5%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Биыл 1 маусымдағы жағдай бойынша бруцеллезге қатысты 51 жағымсыз пункт тіркелді (өткен жылдың осындай кезеңіне қарағанда 28 пунктке аз). 28,6 миллион бас жануардың барлық түрлерін бруцеллезге зерттеу кезінде 28,8 бас оң нәтиже берген немесе 0,01% ауру жұқтырған мал анықталды, - деді ол. 

Сапархан Омаров өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда биыл листериоз, анаэробты энтеротоксемия сияқты жануарлардың аса қауіпті ауруларын тіркеудің төмендегені байқалатынын айтты. Сонымен қатар, өткен жылы тіркелген сібір жарасы, Ньюкасл ауруы, ренопневмония сияқты аурулар бойынша қалыпты жағдай сақталуда.

Өзгелердің жаңалығы