Жансақтау бөлімінде 377 күн жатқан сәби санавиациямен елордаға жеткізілді

31 Мамыр 2019, 12:35
2340
Бөлісу:
Жансақтау бөлімінде 377 күн жатқан сәби санавиациямен елордаға жеткізілді
PHOTO
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ақсу қаласының кішкентай тұрғыны жекеменшік мануальді терапевттің қабылдауынан кейін облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне түсті. Бүгін сәбидің өлім мен өмірдің ортасында жүргеніне 377 күн болды. Жас ата-ана көмек сұрап, жанайқайларын білдірген соң бала Нұр-Сұлтан қаласындағы ұлттық нейрохирургия орталығына санавациямен жеткізілді.

Бір айдан кейін екі жасқа толатын Кәрім Тәңірбергеновтың массаждан соң екі мойын омыртқасы сынған. Қабылдаудан кейін жағдайы қиындап, ауруханаға түскен. Бүгінгі күнге дейін дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады. Бірақ, сәбиге күрделі әрі қымбат ота керек. 

«Біз көптеген мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырдық. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігінде де болдық. Әзірге мардымды жауап жоқ. Ал ұлымның жағдайы күннен күнге қиындап барады. Амалым қалмағандықтан, еріктілер ұйымдарының көмегіне жүгіндік. Олардың атсалысуымен үш аптаның ішінде 3 млн теңге жиналды. Бұл ота жасауға жетеді. Қорған қаласындағы Елизаров атындағы орталық мамандары үміт ұялатып отыр. Олардың айтуынша, операцияға қажетті металлконструкцияларды тапсырыспен жасауға болады. Бағасы 2 млн теңге екен. Ондай қаражатымыз жоқ, әрине. Керек болса, ата-анам үш бөлмелі пәтерін сата алады», - дейді Кәрімнің анасы Гүлмира Жанайдарова. 

Жансақтау бөлімінде 377 күн жатқан сәби санавиациямен елордаға жеткізілді

Облыстық балалар ауруханасы мамандарының айтуынша, бұл - аса сирек кездесетін диагноз. Ересек адамның ағзасы көтере алмас еді. 

 «Облыстың денсаулық сақтау тарихында осындай жағдай бұрын-соңды тіркелмеген. Бұған дейін жансақтау бөлімінде бір бала 300 күн бойы жатқан еді. Дегенмен, Кәрімнің күші таусылып жатыр. Операция - өмір сүруге соңғы үміті. Қорған қаласындағы орталық мамандары біздің базамызда да операция жасай алады. Бірақ, елордалық орталықтағы жабдықтардың сапасы әлдеқайда жоғары.», - дейді балалар ауруханасы дәрігерінің орынбасары Ирани Орсагош. 

Айта кетейік, жекеменшік мануальді терапевтің ісіне қатысты ҚР қылмыстық кодексінің 371-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал балалар ауруханасының мамандары денсаулық сақтау басқармасына дәрігердің жұмысын тоқатуға қатысты хат жолдаған болатын. 

Дерекке қатысты сот-медициналық сараптама жүргізілген. Бірақ, алғашқы сараптама терапевтің қызметін тоқтатуға және кінәсін дәлелдеуге негіз бола алмады. Сондықтан, екінші рет кешенді сарапьтама жүргізілді. Нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Нақты шешім қабылданбағандықтан, мануальді терапевтің лицензиясы тоқтатылған жоқ. Демек, ем-дом шараларын жүргізуді жалғастырып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы