Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыр елінің Жанкент қалашығындағы археологиялық жұмыстар қорытындыланып, кешенді жұмыстар нәтижесінде бір бөлменің композициясы жасақталды.
Облыс әкімдігінің қолдауымен 2014 жылдан басталған кешенді қазба жұмыстары нәтижесінде қалашықтың қорғаныс қабырғалары мен мұнаралары, 30-ға жуық тұрғын үй орындары аршылып, біртұтас жүйе қалыптасқан.Қазба жұмыстары биыл да жалғасып, облыстық бюджет есебінен археологиялық, республикалық бюджет қаражатынан қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Нақтырақ айтқанда, қалашықтағы консервацияланған бір бөлменің композициясы жасалып, Оғыз дәуірінің тұрмыс-салт дәстүрінен хабар беретін тарихи мүсіндер қойылған.
Бүгінгі күнге дейін қалашықтан 200-ге жуық бүтіндей экспонат табылып, облыс музейлері қорларына өткізілген. Ал қазіргі күні қалашықтың аумағы толық қоршалып, "JANKENT" стеласы бой көтерді.
Әкімдіктің тікелей қолдауының нәтижесінде іске асырылған жұмыстар келешекте археологиялық парк қалыптастыруға және туристік орынға айналуға үлкен септігін тигізеді.