Атырау облысының Instagram желісіндегі «тергеулерімен» танылған тұрғыны Қазақстанға жеткізіліп, Алматыдағы тергеу изоляторына қамалды.
Полицияның мәліметінше, ер адам биыл ақпан айында Интерполдың сұрауы бойынша Түркияның Самсун қаласында ұсталған. Ал оны сырттай қамауға алу туралы санкцияны сот қаңтар айында шығарған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ол 2024 жылдың қыркүйегі мен желтоқсаны аралығында Instagram арқылы Атырау қаласының екі тұрғынын алдап, 3 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген.
«Хакер» кең аудиторияға биыл жылдың басында Жангелдин ауылында жоғалып кеткен отбасы туралы істен кейін танылды. Бетін жасырып жүрген ол әлеуметтік желіде өз бетінше тергеу жүргізіп жатқанын айтып, жоғалған адамдарды геолокация, SIM-карта деректері мен қаржылық операциялар арқылы бақылап отырғанын мәлімдеген.
Кейін полиция оның ешқандай тәуелсіз тергеу жүргізбегенін, тек тергеу органдарына белгілі болған мәліметтерді қайталап айтып жүргенін хабарлады.
Қазір Атырауда осы отбасының өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.