Жанбота Алдабергенова 2026 жылғы Олимпиада ойындарында өтетін ХОК Спортшылар комиссиясы сайлауына үміткер ретінде тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Халықаралық Олимпиадалық комитеті (ХОК) Милан-Кортинада өтетін 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында ХОК Спортшылар комиссиясына сайлану үшін үміткер саналатын он бір спортшының тізімін жариялады. Бұл тізімге үш Олимпиадаға қатысқан Қазақстан ҰОК Спортшылар комиссиясының мүшесі, қазақстандық спортшы Жанбота Алдабергенова да еніп отыр.
Жанбота Алдабергенованың кандидатурасын Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Спортшылар комиссиясымен бірлесе отырып ұсынған.
Айта кетейік, биыл бұл сайлауға әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген спортшы өтініш білдірген. Үміткерлер тізіміне 11 елден және 5 түрлі спорт түрінен 8 ер және 3 әйел спортшы енген. Жанботадан бөлек үміткерлер қатарында төмендегі спортшылар бар.
Мұндай жауапты рөлге үміткер атану – үлкен құрмет. ХОК Спортшылар комиссиясы – Олимпиадалық қозғалыста спортшылардың үнін жеткізетін ең жоғарғы алаң. Қазақстанды және бүкіл әлем спортшыларын таныстыру мүмкіндігіне ие болғаныма шын жүректен қуаныштымын, – деді Жанбота Алдабергенова.
Сайлау 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары аясында 30 қаңтар мен 18 ақпан аралығында өтеді. Дауыс беруге Олимпиада ойындарына қатысатын барлық спортшылар қатыса алады. Нәтижелер 19 ақпанда, яғни жабылу салтанатына үш күн қалғанда жарияланады. Сайлау қорытындысы бойынша екі үміткер – әртүрлі спорт түрін ұсынатын және ең көп дауыс жинаған спортшылар – сегіз жыл мерзімге ХОК Спортшылар комиссиясының мүшесі болып сайланады және ХОК мүшелігіне бекітіледі.