Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының далалық әуеайлағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарынан және арнайы техникалық құралдармен толық жабдықталғаннан кейін жаңа режимде жұмыс істей бастады.
Бұл әуеайлақ енді ұшу құрамы мен курсанттарды жылдың кез келген уақытында, күндізгі және түнгі уақытта, түрлі ауа-райы жағдайында тәжірибелік даярлау жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз етеді.
Жаңа оқу жылындағы бірінші командирлік ұшуларды орындау аясында жаңартылған әуеайлақта командалық және ұшу-нұсқаушы құрамы түнгі уақытта ұшу машықтарын пысықтады.
Әскери білім ордасының бастығы авиация генерал-майоры Дәурен Қосановтың басшылығымен Ми-8МТ көпмақсатты тікұшақтары ұшты.
Бұрын осы әуеайлақ қолайлы ауа-райында күндіз ұшуды орындауға ғана арналған болатын. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін әуеайлақ жарық техникалық жабдық кешенімен және әуе кемелерін қондырудың радиолокациялық жүйесімен толық жабдықталды. Яғни, түнде және қолайсыз ауа-райында да ұшуға мүмкіндік береді. Бұл ұшу және нұсқаушылар құрамы мен курсанттарды даярлаудағы мүмкіндіктерімізді айтарлықтай кеңейтеді, – деп атап өтті ол.
Ұшу дайындығы әуеде түрлі міндеттерді орындаудың бірыңғай әдістемелерін әзірлеуге, қажетті деңгейде ұшу құрамын іс жүзінде машықтандыруға және қолдауға бағытталған.
Әуе қорғанысы күштері әскери институтының бастығы ұшуды талдап, курсанттарды оқыту мен тәрбиелеудегі тәлімгердің рөліне назар аударды. Олар ұшуды үйретіп қана қоймай, болашақ ұшқыштардың қабілетін және бейінін ашып, маңызды кәсіби қасиеттерін дамытуы керек.