Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында Қазақстанда ұзақ уақыт бойы тарифтер мен жанар-жағармай бағасы жасанды түрде төмен деңгейде ұсталып келгенін, бұл экономиканың дамуына кері әсер етіп отырғанын айтты. Төмен тарифтер мен арзандатылған жанар-жағармай бағасының салдары Қазақстанға қалай әсер етуде? BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.
Арзан отын – қымбат салдар: мұнай өңдеудегі инвестициялық тәуекелдер
"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мұнай-газ секторының басқарушы директоры Мұратбек Махановтың айтуынша, жанар-жағармай бағасындағы саясат ішкі нарықты мұнай өңдеу саласының есебінен субсидиялауға алып келген.
Қазақстанда жанар-жағармай бағасының жасанды түрде төмен деңгейде ұсталып келуі көршілес елдермен айқын баға айырмасын қалыптастырып, іс жүзінде ішкі нарықты мұнай өңдеу саласының есебінен субсидиялауға алып келді. Бұл өз кезегінде өңдеу секторындағы инвестициялық тартымдылықтың төмендеуіне, отынды тиімсіз тұтынуға және салық пен кедендік түсімдердің толық жиналмауына әсер етті, - дейді мұнай-газ секторының сарапшысы.
Сонымен қоса ол сала сарапшылары мен нарық қатысушыларының бағалауын мысалға келтірді.
Баға теңгерімсіздігі мен соған байланысты қосалқы факторлардан туындайтын жиынтық экономикалық шығын жылына шамамен 1 млрд долларға дейін, тіпті одан да жоғары болуы мүмкін. Әрине, нақты сома әлемдік баға конъюнктурасына және өңдеу көлеміне байланысты өзгеріп отырады, алайда бұл көрсеткіш мәселенің ауқымын түсінуге мүмкіндік береді, - дейді спикер.
"Сұр экспорт" қалай күшейіп отыр?
Мұратбек Маханов арзан жанармайдың көршілес елдерге заңсыз шығарылуын ынталандырып отырғанына тоқталды. Бүгінде «сұр экспорт» мәселесінің ауқымы саладағы проблемаға айналған.
«Сұр экспорт» жанар-жағармай нарығындағы негізгі проблемалардың бірі болып қалып отыр. Көршілес елдермен баға айырмасының едәуір болуы — жанармайдың жекелеген түрлері бойынша 40-140 пайызға дейін жанар-жағармайдың заңсыз немесе жартылай заңды түрде сыртқа шығарылуына түрткі болып отыр. Мұндай тасымал көлемі, әсіресе сұраныс артатын кезеңдерде, айына ондаған мың тоннаға жетуі мүмкін, - дейді сарапшы.
Айтуынша, бұл жағдай ішкі нарықтағы тауар қорының азаюына ұшыратуы ғажап емес.
Әсіресе шекара маңындағы өңірлерде жергілікті тапшылықтың пайда болуына әкеледі. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін дизель отынының жетіспеушілігі қаупі артып, бюджет акциздерден, қосылған құн салығынан және кедендік төлемдерден түсетін кірістерден қағылады. Мини-мұнай өңдеу зауыттарының дамуы ішкі өндірісті ұлғайтып, нарықтағы ұсынысты кеңейтеді әрі импортқа тәуелділікті азайту арқылы саланың тұрақтылығын күшейтеді, - деді ол.
Бағаны өсіру ме, тұрақтылықты сақтау ма?
Сонымен қатар сарапшы "сұр экспортпен" күресу үшін жанар-жағармай бағасын көтеру мен халыққа түсетін жүктемені барынша азайтудың арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтауға болады деп отыр.
Жанар-жағармайға экономикалық тұрғыдан негізделген бағаға көшу «сұр экспортты» азайту және нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет. Ең тиімді жол – бағаны кезең-кезеңімен көтеру. Бұл нарық пен тұтынушыларға бейімделуге мүмкіндік беріп, күрт өзгерістер мен алыпсатарлық тәуекелін төмендетеді. Сондай-ақ жанар-жағармай айналымына цифрлық есеп, таңбалау және кедендік әкімшілендіруді күшейту арқылы бақылауды арттыру маңызды. Бұл жеткізу тізбегінің ашықтығын қамтамасыз етіп, заңсыз шығарылымды шектеуге ықпал етеді, - дейді Мұратбек Маханов.
Пайымдауынша, ішкі өндірісті кеңейту, қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту және өңдеу көлемін арттыру сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдікті жақсартып, импортқа тәуелділікті азайтады әрі бағаның тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.
Осы шараларды кешенді түрде жүзеге асыру саланың экономикалық тиімділігін арттырып, бюджеттік шығындарды азайтуға және ішкі нарықтың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге жол ашады, - дейді сарапшы.
Еске салсақ, бұған дейін АИ-92 бензині қымбаттап, кейін бағаға мораторий енгізілген еді.