Жанармай төңірегінде түсінбеушілік көп

9 Тамыз 2022, 18:55
1017
Бөлісу:
Жанармай төңірегінде түсінбеушілік көп

Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасында жанар-жағармайды уақытылы жеткізу және жөнелту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Алдағы орақ науқаны қарсаңында ауыл шаруашылығы өндірушілері мен операторларда жанар-жағармайды уақытылы жеткізу және тиеп-жөнелту бойынша мәселелер туындауда. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ақпараты бойынша, өңірде биыл көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге бөлінген 72 мың тонна жанармай 100% игерілді.

Күзгі-далалық жұмыстарға 83 мың тонна жанармай жіберілді. Қазіргі уақытта ол мұнай өңдеу зауыттарынан жөнелтілуде. Бұл ретте жанармайды мұнай өңдеу зауыттарынан босату бағасы – 1 тонна үшін 222 мың теңге, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін түпкілікті құны –1 литр үшін 218 теңге.

Егін науқаны кезінде өңірде кепілдендірілген дизель отынын жеткізу бойынша 16 оператор және мұнай өңдеу зауыттарынан өздігінен тиеп жөнелтетін 3 ауыл шаруашылығы құрылымдары анықталды. 

Жиын барысында қатысушылар бірқатар проблемалық мәселелерді алға тартты.

Айталық, «Sana Petroleum» ЖШС директоры Қайрат Құлжабаев бүгінде мұнай өңдеу зауыттарынан жанар-жағармай материалдарын жүйелі тиеу мәселесі өткір тұрғанын атап өтті.

Бізде ресурс ұстаушыларға қатысты сұрақтар туындайды, олар жүк тиеу нормаларын қалай анықтайды? Мысалы, тамыз айында бізге 650 тонна жанармай берілді, бірақ іс жүзінде 582 тонна тиелді. Ал біз оның толық құнын төледік. Белгіленген вагон нормасы 65 тонна болса, бізге 58-59 тонна ғана жеткізіледі, - деді серіктестік директоры.

«Вишневская нефтебаза» ЖШС басшысы Владимир Бехтольд солтүстік өңірлердің климаттық жағдайларына жарамсыз, құрамы сапасыз дизель отынын жеткізуге қатысты мәселені алға тартты.

Жазғы жанармай +1-5 градус температурада қоюлана бастайды. Одан әрі пайдалануға жарамсыз. Көптеген фермерлер алдын-ала төлем жасайды және операторға шығындарды өз қалталарына өтейді. Бұдан басқа, маневрлік вагондарды 20 сағатқа дейін кешіктіруге байланысты жанармай жеткізу мерзімі де ұзарады. Бұл ретте оператор 48 сағат ішінде жанар-жағармайды түсіріп, белгіленген жерге жіберуге міндетті, - дейді ол.

Осыдан екі жыл бұрын Егіндікөл ауданының аграршылары жанар-жағармай жеткізу жөніндегі оператор олардың алдындағы 27 млн теңгеден астам сомадағы шарттық міндеттемелерін орындамаған кезде резонанстық жағдайға тап болды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауымен тараптардың медиативтік келісімі арқылы мәселені шешуге қол жеткізілді.

Егер бұрын бұл жұмыс жергілікті атқарушы биліктің қалауы бойынша ретсіз жүргізілсе, қазір біздің бастамамыз бойынша барлық аудандық әкімдіктерде арнайы комиссиялар құрылды. Олардың құрамына өңірлік палата мен бизнес өкілдері кіреді. Мәселе ауыл шаруашылығы министрлігі деңгейінде көтерілді. Орталық атқарушы органға ауыл шаруашылығы өндірушілерін де, жауапты операторларды да қанағаттандыратын негізгі өлшемдері бар операторларды айқындау тәртібі ұсынылды. Бұл қағидатты біз басқа да мәселелерді шешу кезінде пайдалануды жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.

Жанармайды уақытылы жеткізу мәселесі Қаржы мониторингі агенттігінің де ерекше бақылауында тұр.

Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Осыған байланысты біз осы фактілерді анықтау және жолын кесу бойынша белсенді жұмыс жүргізудеміз. Өкінішке орай, жеңілдетілген жанар-жағармайды үшінші тұлғаларға төмендетілген бағамен сату фактілері орын алуда. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы тауар өндірушілері жеке пайда табу мақсатында жеңілдетілген жанар-жағармайды қайта сатқан жағдайлар да бар. Сондықтан кәсіпкерлерді де жазалау шаралары туралы ескертеміз, - деп атап өтті Ақмола облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің жедел басқарма басшысы Нұрбек Дауов.

Энергетика министрлігі Ел Президентінің жанар-жағармай нарығын реформалау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ішкі нарықта мұнай жеткізу және мұнай өнімдерін өткізу схемаларын қайта қарауды көздейтін заңнамалық өзгерістер енгізуді ұсынып отыр.

Өзгелердің жаңалығы