Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жанар-жағармайдың жасанды тапшылығын болдырмау үшін мұнай базаларына тексеру жүргізу туралы тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Энергетика министрлігінің ақпаратына сәйкес, елдегі дизель отынының жиынтық қоры – 308,56 мың тонна, бұл – 2023 жылғы 1 қаңтардағы қормен салыстырғанда 59 мың тоннаға артық.
Кейбір өңірлердегі жекелеген жанармай құю станцияларында дизель отынын сатуда шектеулер байқалған. Осыған байланысты жанар-жағармай ішкі нарығын қамтамасыз ету үшін:
- Өңірлік штабтарға жанар-жағармайдың жасанды тапшылығын тудырмау мақсатында өңірлік мұнай базаларын комиссиялық тексеру жөнінде шаралар қабылдау;
- Заң бұзушылық фактілері болған жағдайда тиісті мемлекеттік органдарға нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы немесе доминантты әрекеттері бойынша тергеу жүргізу тапсырылды.
Айта кетсек, өңірлік штабтар құрамына жергілікті атқарушы органдар, бәсекелестікті қорғау және дамыту, мемлекеттік кірістер, экономикалық тергеу және табиғи монополияларды реттеу департаменттері кіреді.