Петропавл қаласында бокстан ардагерлер арасындағы «Ринг патшасы - 2022» халықаралық турнирі аяқталды, деп хабарлады BAQ.KZ.
Дәстүрлі турнир биыл бесінші рет өткізіліп отыр. Турнирге еліміздің әр облысынан, сондай-ақ Ресей мен Қырғызстаннан келген спортшылар қатысты. Алты салмақ дәрежесінде 35 жастан асқан былғары қолғап шеберлері шаршы алаңда өнер көрсетті. Маңғыстау облысының намысын Жаңаөзен қаласының былғары қолғап шеберлері, атап айтқанда жаттықтырушы Қайрат Ержановтың шәкірттері қорғады. Боксшылар «Erzhanov-Boxing-Club» мектебінде жаттығады. Облыстың намысын қорғаған жеті боксшының төртеуі жүлделі орындарға ие болды.
Атап айтқанда, 81 келі салмақта финалда екі жаңаөзендік – Марат Өтегенов пен Жарас Аташов кездесті. Төрешілердің шешімімен Марат Өтегенов «Ринг патшасы - 2022» чемпиондық белбеуінің иегері және алтын медаль иегері атанды. Ол қарсыласына құрмет білдіріп, чемпиондық белбеуін жерлесіне табыстаған.
Жарас екеуміз бір залда жаттығамыз. Мен оған әрдайым үлкен құрметпен қараймын. Финалда кездесеміз деген ой болған емес. Бастапқыда ақтық жекпе-жекте жұдырықтасудан бас тартып едім. Алайда бокс ережесі бойынша бокстасуға тура келді. Нәтижесінде төрешілердің шешімімен шаршы алаңда менің қолымды көтеріп, жеңімпаз деп таныды. Рингте тұрып қарсыласым әрі жерлес ағам Жарасқа чемпиондық белбеуді табыс еттім, - деді. Марат Өтегенов, бокстан ардагерлер арасындағы «Ринг патшасы - 2022» халықаралық турнирінің жеңімпазы.
Турнир финалисті Жарас Аташов барлық спортшылар бар ерік-жігерін көрсетіп, барынша бокстасқанын айтты.
Жартылай финалда Қарағанды қаласының өкілімен бокстастым. Ол осыған дейін үш рет қатарынан осы турнирде жеңіске жеткен болатын. Жалпы, барлық қарсыластар лайықты өнер көрсете алды. Жеке бапкерім Қайрат Ержановқа алғысымды білдіремін. Барлығымызды осы турнирге дайындаған болатын. Сондай-ақ, сыйға тартқан белбеу үшін Марат ініме де алғыс айтамын. Меніңше бұл жеңістің бастамасы ғана, алдағы жарыстарда алты салмақ дәрежесінде бұдан да көп чемпиондық белбеулерге ие болатынымызға сенімдімін, - дейді Жарас Аташов, бокстан «Король 2022» халықаралық турнирінің финалисті.
Ұйымдастырушылар мұндай шараның посткеңестік кеңістіктегі үлкен жарыс екенін атап өтті. Осылайша бокстан ардагерлер жастарға үлгі болып, салауатты өмір салтын насихаттап жүр. Бокстан жаттықтырушы Қайрат Ержановтың айтуынша, турнирге халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, әлем чемпионаты және Олимпиада ойындарына қатысушылар жиналып, барлығы лайықты бокс көрсете алған.
Әрине, кез-келген қарсыласты әлсіз деген баға беруге болмайды. Барлығы да өзінің мықты жақтарын көрсете алды. Бұл біздің жігіттердің аталмыш турнирге бірінші рет қатысуы және төрт медаль жеңіп алдық. Жарысқа аттанар алдын екі салмақ дәрежесінде жеңіске жетіп, екі чемпиондық белбеудің иегері атанамыз деп ойлаған едік. Ең бастысы жүлдеден тыс қалған жоқпыз, алдағы уақытта бізді жаңа жеңістер күтіп тұрғанына сенемін. Біздің командаға қолдау білдірген «ӨзенМұнайГаз» АҚ, «Бұрғылау» ЖШС және тағы басқа компанияларға алғыс айтамын, - деді бокстан жаттықтырушы Қайрат Ержанов.
Сонымен қатар, турнир қорытындысы бойынша 75 келі салмақта Серік Монтыбаев, 91 келі салмақта Арман Қожагелдиев қола жүлдегер атанды. Айта кету керек, дәстүрлі турнирде өткен 2021 жылы 25 ардагер-боксшы рингте өнер көрсетсе, биыл турнирге рекордтық көрсеткіш – 45 ардагер жиналған. Әр салмақтағы спортшылар екі минуттан жұдырықтасты.