Жаңаөзенде «кілем жол» төсеген мердігер ақауды өз қаржысына түзетеді

19 Маусым 2023, 20:10
1946
Бөлісу:
Жаңаөзенде «кілем жол» төсеген мердігер ақауды өз қаржысына түзетеді
Фото: ведмоствоның баспасөз орталығынан

Жаңаөзен қаласында асфальт жолды кілемдей жұқа, қайырылатын етіп, сапасыз төселгенін видеоға түсірген тұрғындар әлеуметтік желіге жарыса жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңадан төселген асфальт жабындыны жұмысшылар қолмен оп- оңай көтеріп, қайырып жатыр.

Мамандардың айтуынша, битумды құйып, содан кейін асфальт төсеу керек. Мұнда тек тор қойылғандықтан байлам жоқ. Бейнеролик «Өзенмұнайгаз» АҚ құрылымдық бөлімшесі болатын №1 Мұнай-газ өндіру басқармасының жолында түсірілгені белгілі болды.

Бұл туралы компаниядан ресми мәлімет берілген жоқ. Кенорнына баратын жолды дұрыс төсемеген мердігер ақауды өз қаражатына түзетуі тиіс. Бұл туралы облыстағы жолдардың сапасын тексеретін мемлекеттік кәсіпорын мамандары хабарлады.

Жаңаөзенде «кілем жол» төсеген мердігер ақауды өз қаржысына түзетеді

Ұлттық орталықтың жол инженерлері мұнай компаниясына қарасты ұзындығы 3,9 шақырымдық ішкі жолда бақылау шарасын өткізіп, жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілгеніне көз жеткізді.

Тексеру барысында асфальт-бетонды қабаттардың ортасына геосетка салынғанын көрдік. Бұл жердегі мәселе - соның астында битум жабынының адгезиясы болмай шықты. Ол жол құрылыс материалдарының біріне-бірі бірігуі үшін міндетті түрде салынуы тиіс. Сол себепті жолдың беті бүлініп, ертелі-кеш қолданысқа жарамсыз болып қалады. Аумақтағы жолдан бірнеше сынамалар алынды. Құрамы Ақтаудағы зертханада талданатын болады. Тексеру қорытындысы мұнай компаниясы мен мердігер мекемеге қызметтік хаттама түрінде жолданды. Бұл жол толық қалпына келгенше біздің бақылауымызда болады, - дейді Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Маңғыстау облыстық филиалының директоры Хамзат Сұлтанов.

Өзгелердің жаңалығы