Жанабыловтар оқырмандарының біріне көлікті тегін бермек болған

Блогердің айтуынша, көлікті беру бастапқыда ешқандай шартсыз жоспарланған.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 16:22
Бүгiн 2026, 16:22
119
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Сот отырысында блогер Ерболат Жанабылов өзіне тағылған айыптарға қатысты жауап беріп, көлік сыйлау мен ұтыстарға байланысты бірқатар жайтты түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, блогер оқырмандарының бірінен ескі көлікті алып, оның орнына жаңа көлік сыйлаған.

Ол адамның өз көлігі болды – жасыл түсті, ескі Subaru. Шамамен 1990-1995 жылдардағы модель. Сол көлікті өзіме алдым, ал оған жаңа көлікті сыйға бердім, – деді Жанабылов.

Блогер кейін бұл көлікті әлеуметтік желіде көрсетіп, оны жөндеп, жаңартуды жоспарлағанын айтты.

Мен стористе көрсеттім. Сол кезде адамдар “маған беріңіз”, “мұқтажбын” деген сияқты пікірлер жаза бастады. Мен бірден бергім келмей, алдымен көлікті жасап алғым келетінін айттым, – деді ол.

Оның сөзінше, бұл көлік кейін ұтыстағы негізгі сыйлықтардың бірі – 11-інші көлік ретінде ұсынылған.

Бұл – сол 11-інші көлік. Біз оны толық жөндеп, сыртқы келбетін жақсартып, кейін тегін беруді жоспарладық, – деді блогер.

Оның айтуынша, көлікті беру бастапқыда ешқандай шартсыз жоспарланған.

Мен “4-5 күн уақыт беріңіздер, көлікті жасап алайын, сосын тегін беремін” дедім. Кейін бұл көлікті видеоға репост жасаған адамдардың біріне беру туралы шешім қабылданды. Бірақ ол да тегін берілетін болды, – деді Жанабылов.

Сонымен қатар, блогер 2025 жылғы 18 тамызда жарияланған бейнежазбаға қатысты да пікір білдірді.

18 тамызда анонс болды. Біз 21 тамызда оқу курсының сатылымы басталатынын айттық. Сол күні 10 көлік көрсетілген видео жарияланды. Бірақ ол видеода тек ұтыс емес, оқыту платформасы туралы да айтылды. Жұбайым да бұл жобаның мақсатын нақты түсіндірді, – деді ол.

Жанабылов ұсынылған материалдарда толық контекст көрсетілмей отырғанын айтты.

Көрсетілген видеоларда тек ұтыс бөлігі ғана алынған. Негізінде біз тек ұтыс емес, оқу процесі туралы да айттық, – деп айтты блогер.

Бұған дейін елордада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатқанын хабарладық. Сотта блогер Ерболат Жанабылов жауап беруді бастады және Жанабылов өзіне қатысты мәлімдеме жасап, "компьютерді соңғы рет 9-сыныпта қолданғанын" айтты.

2026 жылғы 30 наурыздағы сот отырысында блогер Нұрбек Нұртаза (лақап аты – justking31) куәлік етті. Нұрбек Нұртазаға дейін сот залында блогер Дархан Жолшыбековтен де куәгер ретінде жауап алынған еді.

Сондай-ақ, сот процесінде Жанабыловтар ісінде күтпеген жаңа деталь шықты.

Сот отырысында Жанабыловтарды үйқамақта ұстау шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурор Жанабыловтар лотереяны рұқсатсыз ұйымдастырғанын мәлімдеді. 

Наверх