Елордада айыпталушы блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы басталды. Сот процесінде блогер Дархан Жолшыбековтен куәгер ретінде жауап алынып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сотта куәгер Дархан Жолшыбеков Жанабыловтармен 2019-2020 жылдардан бері таныс болғанын айтты. Олар дос ретінде араласады.
Сондай-ақ куәгер де бұған дейін осыған ұқсас курс сатып, лоторея өткізгенін айтты. Оның оқу курсы электрон коммерцияға қатысты болған. Яғни ол электронды сауда платформаларында - Wildberries, Ozon, Kaspi сияқты алып-сату платформаларын үйреткен.
Тергеу барысында блогерлерге қатысты бірнеше бап бойынша айып тағылып отыр.
Атап айтқанда, тергеу оларды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы – заңсыз кәсіпкерлік, сондай-ақ 218-бабы – қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе мүлікті заңдастыру (ақшаны жылыстату) бойынша күдікті деп отыр.
Бұған дейін 13 наурызда Астанада танымал блогерлер Жанабыловтарға қатысты алдын ала сот тыңдалымы болғанын хабарладық.
Белгілі болғандай, Жанабыловтарды сотта басқа адвокат қорғайды.
Сот отырысында Жанабыловтарды үйқамақта ұстау шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурор Жанабыловтар лотереяны рұқсатсыз ұйымдастырғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сотта тергеу басталды. Сот процесінде алғашқы куәгерден жауап алынды. Жүлде ұтысын өткізуге арналған сайтты әзірлеген ІТ-маман Сұңғат Өтеболатов жауап берді.
18 наурыздағы сот отырысы барысында Жанабыловтардың адвокаты Гаухар Айтжанова 16 наурыздағы процестен кейін мемлекеттік айыптаушының жария түрде айтқан пікірлеріне байланысты оған ескерту жасау жөнінде өтініш білдірді.