Сот отырысында аға прокурордың көмекшісі Олжас Хайруллаев айыпталушылардың бейнежазбаларында курс сатып алуға емес, тіркелуге шақыру басым болғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, видеоларда “курс сатып алыңыздар” деген нақты үндеу айтылмаған.
Тағы да сот назарын мына жайтқа аударғым келеді: айыпталушылар өздерінің бейнежазбаларында “тіркелу керек” деп айтады. Олар “курс сатып алыңыздар” деп айтпайды. Яғни “тіркелсеңіздер, автоматты түрде қатысушы боласыздар” деген мазмұн болған, – деді Олжас Хайруллаев.
Ал Жанабыловтардың адвокаты Гаухар Айтжанова бұл уәжбен келіспейтінін білдіріп, сотта ұсынылған бейнематериалдардың контекстен жұлынып алынғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, курс сатылымы 21 тамызда басталған, ал оқу бағдарламасының өзі 31 тамызда іске қосылуы керек болған.
Құрметті сот, бұған қарсылық білдіруге рұқсат етіңіз. Біріншіден, курс сатылымы 21 тамызда басталды, ал курстың өзі 31 тамызда басталуы керек еді. Тіпті сотта көрсетілген видеолардың өзінде екі жағдайда “қарындасыма”, “келіншегіме алып бердім” деген сөздер естілді. Бірақ тағы да қайталап айтамын, бұл жердегі видеолар контекстен жұлынып алынған – басы бар, аяғы жоқ. Яғни адамдар курстар туралы айтып, оларды сатып алғанын түсіндіріп жатқан тұстары кесіліп қалған, – деді адвокат.
Қорғаушының сөзінше, сотта көрсетілген бейнежазбалар толық нұсқада ұсынылмаған, сондықтан олардың мазмұнын біржақты бағалау дұрыс емес.
Бүгінгі, яғни 30 наурыздағы сот отырысында блогер Нұрбек Нұртаза (лақап аты – justking31) куәлік етті. Нұрбек Нұртазаға дейін сот залында блогер Дархан Жолшыбековтен де куәгер ретінде жауап алынған еді.
Сондай-ақ, сот процесінде Жанабыловтар ісінде күтпеген жаңа деталь шықты.
Сот отырысында Жанабыловтарды үйқамақта ұстау шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурор Жанабыловтар лотереяны рұқсатсыз ұйымдастырғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сотта тергеу басталды. Сот процесінде алғашқы куәгерден жауап алынды. Жүлде ұтысын өткізуге арналған сайтты әзірлеген ІТ-маман Сұңғат Өтеболатов жауап берді.
18 наурыздағы сот отырысы барысында Жанабыловтардың адвокаты Гаухар Айтжанова 16 наурыздағы процестен кейін мемлекеттік айыптаушының жария түрде айтқан пікірлеріне байланысты оған ескерту жасау жөнінде өтініш білдірді.