Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңа жыл – адамзаттың ең жақсы көретін, тағатсыздана күтетін мерекесі. Адамдардың өміріндегі ең жарқын сәттер осы мейраммен байланысты. Менің де өмірімдегі ең ғажайып оқиға осы Жаңа жылда туды. Қандай ғажайып дейсіздер ғой? Оқиғаны айтып берейін...
2007 жылы 2-курс студентімін. Жұрт қатарлы мен де қызбен жүргім келеді. Ұнатқан бір-екі қызды киноға, концертке шақырып көрдім, бірақ сөйлескенде әйтеуір бір жері ұнамай қалатын. Ұнаса да, әрі қарай кездесуге біртүрлі дәтім бармайтын. Сөйтіп ойымнан бас тартатын едім. Жаңа жылға қарай бір қызға көзім түсті, сөйлесіп көрдік, түрі әп-әдемі, қылығы сүп-сүйкімді екен. Әдеттегідей оны тағы кітапханада көріп қалдым:
Жаңа жылда не істейсің?
Жатақханада боламын.
Сен ше?
Білмеймін сол, сендердің жатақханаларыңда группаластар жиналатын еді, соған баратын шығармын. Саған соғайын. Бөлмең қандай еді?
Жақсы, А блок, 207 (двушка).
Өз жатақханама келдім. Бөлмемдегі жігіттермен дастархан жайдық. Түнгі 12:00-ден кейін колидорға шығып, студенттер бір-бірімізді құттықтадық. Би де басталды. Әне-міне дегенше түнгі 01:00-ден асты, мен де №2 жатақханаға қарай тарттым. Группалас қыздарым өте пысық еді, вахтер апайды көндіріп, мені кіргізіп алды.
Мен группаластарға қазір келемін деп, бірден 207-бөлмеге асықтым. Барсам, мен іздеп келген қыз ауылына кетіп қалыпты.
"Қап, әттеген-ай" деп өкіндім де, группаластарыма бардым. Олар дастарханды жайған, үстелде не жоқ дейсіз, бәрі бар. Жігіттер домбырамен ән айтуда, қыздар өлең оқуда. Мен де гитарамен қосылдым. Әдеттегідей өте көңілді отырдық. Бір кезде тобымыздың старостасы бөлмесіндегі 4 қызды ертіп келді. Таныстық. Би басталды. Биледік. Кіммен билесем, биім жараспайтын адам, жаңадан танысқан қызбен билегенде бәрі басқаша болды. Биіміз жарасып кетті. Отырыс тарқаған соң досымның бөлмесіне кеттім. Бірақ есімді алған бидегі қыз көз алдымда тұра берді. Барайын десем, ұяламын. Бармайын десем, ұйықтай алмаймын. Бір кезде өз-өзімді қайрадым да, бөлмесіне бардым. Есікті старостам ашты. Ештеңе демедім. Жымиды да, ұнатқан қызымды жіберді.
Колидорда сөйлесіп едік, көңіліміз де жарасты. Сұлудың аты Арайлым екен. Тағы көп уақыт сөйлесіп тұратын ба едік, егер жатақхана администраторы "таң атты, қайтыңдар" деп қуып жібермесе...
Сөйтіп менің өмірлік жарыммен махаббатымыз осылай басталды. 207-дегі қыздың кетіп қалуы да Құдайдың бұйрығы екен. Осылайша махаббаттың алауы жаңа кірген 2008 жылмен бірге тұтанды. Бұл мерекені сол үшін жақсы көремін, Жаңа жылды қарсы аламыз әрі танысқан күнімізді тойлаймыз.