"Алматы-Түркістан-Ташкент-Самарқанд-Шымкент-Алматы" бағыты бойынша "Jibek Joly 2.0" туристік пойызы іске қосылады,деп хабарлайды BAQ.KZ.
"Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, турдың ұзақтығы – 5 күн, 2025 жылдың 2-7 қаңтар аралығында өтеді.
Туристік пойыз отандық өндірістің жаңа вагондарынан құралады. Вагондардың ішкі дизайны ұлттық ою-өрнектермен безендірілген. Вагон-мейрамханаларда жолаушыларға түрлі ұлттық және еуропалық тағамдар ұсынылады, - делінген хабарламада.
Түркістан қаласында жолаушылар бір күн бойы тарихи орындарды аралайды.
Экскурсия бағдарламасына Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Арыстан баб кесенесі, Отырар музейі және басқа да маңызды мәдени мұралар кіреді. Ташкентте туристер Хазрати-Имам тарихи кешені, Барақ хан медресесі, Әбу Бәкір Каффали Шаши кесенесі және Төле би ескерткішін көріп, заманауи "Magic City" саябағы мен өзге де көрнекті орындарды тамашалайды.
Самарқандтағы бағдарлама аясында жолаушылар Шахи-Зинда кешені, Гур-Эмир кесенесі және атақты Регистан алаңын аралап, ондағы Шер-Дор, Тилля-Кари және Улугбек медреселерін көреді.
Сонымен қатар, саяхат барысында жолаушылар Шымкент қаласының басты көрнекі орындарын тамашалап, өңірдің бай тарихи және мәдени мұрасымен танысады.
Туристік пакет құнына жайлы туристік пойызда сапарлау, кәсіби гидтердің жетекшілігімен өтетін экскурсиялар, көрікті жерлерге кіру билеттері мен трансфер қызметтері кіреді.