"Қазгидромет" РМК синоптиктері 31 желтоқсан мен 2 қаңтарға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Республиканың басым бөлігінің ауа райын Скандинавия түбегінің аудандарынан циклон қалыптастырады, онымен ауа-райының тұрақсыз сипаты күтіледі: еліміздің солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында және шығысында қар, бұрқасын, 1-2 қаңтарда қатты екпінді жел, батыста, оңтүстік-батыста, республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс өңірлерінде жауын-шашын болады (жаңбыр, қар), көктайғақ. 31 желтоқсанда еліміздің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында таулы аймақтарда қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) болады деп болжануда. Қазақстан бойынша жел күшейіп, тұман түседі деп күтілуде.
Еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы: түнде батыста 5 градус аяз-5 градус жылы, күндіз 3 градус аяз -10 градус жылы, солтүстік-батыста, солтүстікте, орталықта, шығыста түнде 2-13 градус аязға дейін, күндіз 7 градус аяз -2 градус жылы, шығыста түнде және күндіз 0-8 градус аязға дейін жоғарылауы күтілуде, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста температуралық фонда күрт өзгерістер күтілмейді.