Жаңа жылды қарсы алған дастарханнан қалған тағамдарды ертеңінде қайта тұтыну – мереке күндері тағамнан уланудың негізгі себептерінің бірі. Мұндай тағамдардың қауіпсіздігі олардың түріне, сақтау жағдайына және дұрыс жылытылуына байланысты. Бұл туралы ҚР ПІБ Референс-зертханасының санитариялық дәрігері Анар Мұсағалиева түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дәрігердің айтуынша, тағамдарды сақтаудың бірнеше ережесі қатаң сақталуы қажет.
1. Қауіпсіз қайта жылыту ережелері
Температура
- Тағамның ішкі температурасы кемінде 74°C болуы тиіс.
Бір рет қана жылыту
- Тағамды тек бір рет қана жылытуға болады. Қайта салқындатып, қайта жылыту улану қаупін айтарлықтай арттырады.
- Қайнағанға дейін жеткізу
- Сұйық тағамдар (соус, тұздық) міндетті түрде толық қайнауы қажет.
- Біркелкі қыздыру
- Микротолқынды пеште қыздырғанда тағамды араластырып тұру ұсынылады.
Қайта жылытуға қауіпті өнімдер
- Картоп – дәмі мен пайдалы қасиеттерін жоғалтады;
- Тауық еті – ақуыз құрылымы өзгеріп, ас қорытуға ауырлық түсіруі мүмкін;
- Күріш – Bacillus cereus бактериясының споралары улануға әкелуі ықтимал;
- Саңырауқұлақтар мен жұмыртқа – қайта өңдеуге өте сезімтал;
Ет тағамдарын келесі күні тұтыну қауіпсіз, егер олар дастарқанда 2 сағаттан артық тұрмаған және толықтай буға дейін қыздырылған болса, жей беруге болады, - дейді дәрігер.
Қауіпсіздік мақсатында әрдайым бір ретке арналған мөлшерді ғана жылыту ұсынылады.