Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде «Ашық сағат алаңы» шеңберінде Көлік комитеті төрағасының орынбасары Нүркенов Қайриден ZOOM форматында жолаушылар тасымалдаушыларының өкілдерімен, операторлармен және вагон өндірушілерімен жолаушылар вагондарын жаңарту әрі теміржол кластерін құру бойынша кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында қатысушылар жолаушылар вагондарын жаңарту және теміржол кластерін құру мәселелерін талқылады. Комитет төрағасының орынбасары жолаушылар вагондарының техникалық жағдайына назар аударды.
Бүгінгі таңда жаңа вагондар сатып алу бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Биыл 62 «Тальго» вагоны сатып алынды. Жылдың соңына дейін тағы 11 вагон жеткізіледі деп күтілуде. 2025 жылдан бастап 537 бірлік көлемінде Stadler вагондарын жеткізу жоспарлануда, – деді Қ.Нұркенов.
Айта кетерлігі, бүгінде жолаушылар вагондарының жалпы паркі 2600-ден астам бірлікті құрайды. Субсидиялау шарты негізінде вагондар паркін 10 жыл ішінде кемінде 15%-ға жаңарту көзделген. Өз кезегінде Комитет төрағасының орынбасары жаңарту үлесін 25 пайызға дейін арттыру қажеттігін атап өтті.