Ақтөбе облысының инвестициялық портфелі жаңа жобалар есебінен кеңейіп келеді. Облыс әкімі Асхат Шахаров ОКҚ алаңында өңірдің осы жылғы инвестициялық қызметінің нәтижесін таныстырып, құны 110 млрд теңгеден асатын 8 ірі жоба іске қосылғанын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы жылдың басынан бері өңір экономикасына 892 млрд теңге инвестиция тартылған, өсім 129%-ды құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 217 млрд теңгеге көп.
Облыс басшысының айтуынша, жүзеге асырылған бастамалардың ішінде жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалар ерекше.
Мысал ретінде жаңартылатын энергия көздері саласындағы ірі жобаны атап өтуге болады. Ол ERG компаниясы Ақтөбе облысында жүзеге асырған 150 мегаватттық жел электр станциясы, - деді әкім.
Әкім облыс тек энергетиканы ғана дамытпай, өңдеу секторына да көңіл бөлетінін атап өтті.
Қазақстанда алғаш рет KazFeltec компаниясының бастамасымен қой жүні мен одан өндірілетін құрылыс материалдарын терең өңдейтін жаңа цех ашылды. Инвестиция көлемі - 5,3 млрд теңге, өндірістік қуаты - 2,1 мың тонна өнім, - деді Шахаров.
Жыл соңына дейін өңір тағы 4 жобаны іске қосуды жоспарлап отыр. Олардың жалпы құны шамамен 350 млрд теңге.
Әкім сондай-ақ алдағы жылдары жүзеге асатын жоспарларын айтты. Яғни, облыста карбамид, битум, цемент өндіретін зауыттар және басқа ірі өнеркәсіптік нысандары іске қосылады. Инвесторларға қосымша ынталандыру жасау үшін өңірде жаңа инфрақұрылымдық база құрылды.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай базасында жалпы ауданы 858 гектар болатын “Ақтөбе” арнайы экономикалық аймағы бекітіліп, құрылған. Сондай-ақ республикалық маңызы бар индустриалды аймақ “Хромтау” 150 гектарға белгіленді, - деді әкім.
Шахаров барлық инвестициялық бастамалар оның жеке бақылауында екенін атап өтті.
Барлық мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдары қатысатын инвестициялық штаб отырыстары тұрақты түрде өткізіледі. Осы отырыстарда инвесторлар өздерінің негізгі мәселелерін көтереді, қажетті шешімдер қабылданады, - деді ол.
Әкімнің айтуынша, бизнесті тұрақты қолдау, жобаларды жүргізудің ашық механизмдері және инвестициялық штабтың тиімді жұмысы өңірге капитал тарту қарқынын жоғары деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді.