Жаңа заң жануарларға жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді – зообақ маманы

1 Қаңтар 2022, 12:17
2385
Бөлісу:
Жаңа заң жануарларға жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді – зообақ маманы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі.  Алматы зообағының Даму мен қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Ақжами Рахимова «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң жобасы азаматтардың жануарларға адамгершілікпен қарау мәдениетін көтеруге оң әсер етіп, жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді деген ойда.

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң жобасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберіндегі тапсырмасына сәйкес әзірленді.

Заң жобасын қабылдаудың мақсаты жануарларға деген қарым-қатынасты құқықтық реттеу, оларға мейірімділікпен қарау болып табылады.

Жалпы, заң жобасы біршама теңгерімді болып шыққан. Заң жануарларды басқару саласындағы, яғни мәдени ойын-сауық мақсатында, циркте, хайуанаттар бағы мен зоопарк көрмелерінде қолданылатын қызметті реттеуді көздейді. Заң шыққан соң 2025 жылдан бастап жануарын ұстап, көруге болатын зообақтарға және аңдарды тасымалдауға тыйым салынады. Ал, 2029 жылдан бастап дельфиндерді алып жүруге тыйым салынады. Оған қоса жеке тұлғаларға кейбір аң түрін ұстауға шектеу қойылады,-дейді ол.

Сонымен қатар ол «Жабайы жануарларды сауықтыру орталығы» деген түсінік заң бойынша бекітілетінін жеткізді.

Бұл алдағы уақытта даладан табылған жануарларға ветеринарлық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Оларды уақытша ұстап, табиғатқа қайта жібергенше оңалтудан өткізеді. Сондықтан бұл заң адамдардың жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырады деп ойлаймыз,-дейді Рахимова.

Өзгелердің жаңалығы