Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жаңа цифрлық платформа: Авторлардың сыйақы үлесі ұлғаяды

Әсел ӘБІЛБЕК
8 Қазан 2025, 15:01
563
Бөлісу:
 Мәжіліс
VIDEO
Фото: Мәжіліс

Мәжілістің жалпы отырысында зияткерлік меншік мәселелеріне қатысты заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасында бірқатар жүйелі жаңартулар қарастырылған.

Тауар белгісін тіркеу мәселесі

Қолданыстағы заң бойынша тауар белгілерін сараптау және тіркеу рәсімін жеделдету көзделген. Бұрын алдын ала сараптама мерзімі 1 ай болса, енді ол 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Ал толық сараптаманы өткізу мерзімі 7 айдан 3 айға дейін азайтылды. Бұл авторлар мен идея иелері үшін өз тауар белгілерін тезірек тіркеуге, басқа азаматтардың ұрлауға қарсы қабылданатын үлкен қадам болып отыр.

Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов авторлардың сыйақы алу мәселесін ерекше атап өтті.

Соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында авторлардың, композиторлардың өз еңбегі үшін уақытылы әрі әділетті сыйақы ала алмауы жиі көтеріліп келеді. Осыған байланысты біріңғай цифрлық (электронды) платформа құру туралы шешім қабылданды. Бұл платформа авторлар мен қоғамдық құқықтық басқару ұйымдары арасындағы, сондай-ақ ұйымдар мен тұтынушылар арасындағы барлық келісімшарттарды тіркеуге мүмкіндік береді. Осы арқылы келісімдердің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Яғни кіммен, қандай шарт жасалғаны нақты көрініп отырады, - деді ол.

Сыйақының үлесі артады

Бүгінгі күнге дейін заң бойынша жиналған сыйақының 70%-ы авторларға, ал қалған бөлігі қоғамдық ұйымдарға беріліп келген. Енді цифрландыру мен автоматтандырудың арқасында ұйымдардың жұмысы жеңілдейтіндіктен, авторларға берілетін үлес 80%-ға дейін ұлғайтылады.

Бұл өзгеріс композиторлар мен жалпы шығармашылық иелеріне үлкен ынталандыру болады деп күтілуде. Бұның мақсаты авторлардың өз еңбегі үшін шынайы, толыққанды сыйақы алуын қамтамасыз ету. Мысал ретінде Шәмші Қалдаяқов атамыздың мұрасын алуға болады. Бүгінде оның шығармалары жиі орындалғанымен, мұрагерлері өте аз мөлшерде ғана сыйақы алып отыр. Жаңа цифрлық жүйе енгізілгеннен кейін мұндай әділетсіз жағдайлар жойылып, барлық төлемдер ашық түрде жүзеге асатын болады, - деді депутат.

Бұл заң жобасы бүгін екінші оқылымда қабылданып, Парламентке жолданды. Құжат қабылданғаннан кейін шығармашылық иелерінің құқықтарын қорғау жүйесі жаңа деңгейге көтеріледі.

Өзгелердің жаңалығы