Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жаңа Салық кодексі: халыққа түсіндіру жұмыстары басталды

Әсел ӘБІЛБЕК
24 Қыркүйек 2025, 12:13
622
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

Әлеуметтік желілерде салық пен ҚҚС-ға қатысты қате түсініктер жиі тарайды. Осыған орай BAQ.KZ тілшісі халыққа арнап арнайы түсіндіру жұмыстары қалай жүргізілетінін Қаржы министрлігінен сұрады.

Бұл сұраққа ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жауап берді. Оның айтуынша, жаңа Салық кодексін түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде және онлайн-ресурстарды кеңінен пайдалана отырып жүргізіледі.

Бүгінде біз елдің 20 өңірінде түсіндіру іс-шараларын өткізіп жатырмыз. Сонымен қатар бейнематериалдар, соның ішінде семинар жазбалары толықтай онлайн жарияланады. Презентациялық материалдар мен ең жиі қойылатын 100 сұраққа жауаптар да кең аудиторияға қолжетімді болады. Мемлекеттік кірістер органдарының барлық құрылымдарында орталық аппараттан бастап облыстық және аудандық бөлімшелерге дейін кеңес беру жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, түсіндіру жұмыстары әлеуметтік желілер арқылы да іске асырылады, – деді Ержан Біржанов жаңа Салық кодексін түсіндіруге арналған семинар барысында.

Айта кетейік, 2026 жылдан бастап Қазақстанда Қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға өседі. Үкімет мұны бюджет кірістерін арттырудың, әлеуметтік жобаларды қаржыландырудың амалы деп түсіндіреді. Бірақ сарапшылар арасында пікірталас қызу. Бірі қажет қадам десе, екіншісі пайдасы аз бастама дейді. Осыған орай BAQ.KZ тілшісі ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуінің пайдасы мен салдарына қатысты экономистердің пікірін білген еді.

Өзгелердің жаңалығы